"Балалар тобан аяқ болады". Жамбыл облысында футбол алаңдары бір жыл өтпей жарамсыз күйге түскен
Ауданда 27 футбол алаңы болса, оның тең жартысының жағдайы мәз емес.Жамбыл облысында бюджеттің миллиондарына жасалған футбол алаңдары жыл өтпей жатып жарамсыз күйге түскен. Алаң "Бұқаралық спортты дамыту" бағдарламасының аясында салынған. Бұған бұқара биліктің бақылауы борпылдақ десе, жауаптылар бөлінген қаржының аздығын алға тартады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ата-аналар былтыр күзде берілген футбол алаңының қазіргі күйіне алаңдап отыр.
"Бұл жақтан бәрінің аяқтары сынып, тобан аяқ боп шығады. Мынандай алаңнан қандай чемпион шығады деп ойласыңдар? Қайта сазда ойнаған жақсы ғой", – дейді Жасөркен ауылының тұрғыны Ғалым Сырлыбаев.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мердігерлер кепілді мерзімі өтпей кем-кетігін түзеуі тиіс. Бірақ әкімдік компанияны "таба" алмай отырған көрінеді.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында 20 млн теңгеге сапасыз асфальт төселген
Арнаның хабарлауынша, ауданда 27 футбол алаңы болса, оның тең жартысының жағдайы мәз емес. Ал жауаптылар құрылыстың сапасыздығын арзанқол материалдан жасалғанымен түсіндіреді. Қымбатын алуға бөлінген қаржы аз болуымен байланыстырады.
"3,5 миллионнан 4,5 миллионның арасында салынған кіші футбол алаңдары. Қазіргі уақытта мынандай ақшаға заманауи үлгіде сала алмайсың. Заман талабына сәйкес салатын болса, 10-15 миллионның арасында қаржы кетеді", – деп түсіндірді Жамбыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов.
Аудан билігі бұған дейін салынған сапасыз футбол алаңдарын қайта қалпына келтірудің жалғыз жолы сотқа жүгіну екенін айтады. Жеңіп жатса салдырады, жеңіліп қалса, ақша желге ұшады.