Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда "Балалар кітапханасы" атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. "Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады" деген болатын президент.

Осы орайда мектеп кітапханаларын тәрбиелік, танымдық және дамытушылық сипаттағы көркем әдебиеттермен қамтамасыз ету міндеті Оқу-ағарту министрлігіне жүктеліп, бұл міндет Оқу-ағарту министрлігі туралы ережеге енгізіледі. Үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Министрліктің жаңа міндеті екі бірдей бағдарламаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Олар: "Балалар кітапханасы" және "Оқуға құштар мектеп" жобалары.


Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінің 16 пайызында кітапхана жоқ


"Осы жобаларды іске асыру мақсатында мектеп кітапханаларын тек тәрбиелік, танымдық және дамытушылық сипаттағы көркем әдебиеттермен қамтамасыз ету талап етіледі. Осыған байланысты еліміздің барлық мектеп кітапханалары үшін білім беру оқу бағдарламасында көзделген көркем әдебиеттің бірыңғай тізбесін бекіту қажет" делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.

Бірыңғай тізбені Оқу-ағарту министрлігі әзірлейді.

Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 20 шілдеге дейін.