Алдағы уақытта бала күтімімен айналысатын қазақстандықтар мемлекеттік жәрдемақыны 1 жыл емес, 1,5 жыл бойы алуы мүмкін. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифинг кезінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Біз әлеуметтік кодекс аясында бала күтіміне берілетін мемлекеттік жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартуды ұсынып отырмыз. Қордың қызметі әлеуметтік жәрдемақыны төлеумен ғана шектелмейді. Біз жалпы жүйенің, оның ішінде қаржы тұрақтылығын сақтауға жауаптымыз. Жалпы әлеуметтік міндет – ұзақмерзімді шаруа. Дегенмен дәл қазір бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау мерзімін ұзартуға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын", – деді Нұрсұлу Кемел тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.


Оқи отырыңыз: 2022 жылы әйелдер 1,6 миллион теңге бір жолғы декреттік төлем ала алады

Оның айтуынша, қазір аталған мәселе талқыланып жатыр. Қорытынды шешім көпшілікке жарияланады.

"Сонымен қатар асыраушысынан және еңбек қабілетінен айрылған жағдайда берілетін жәрдемақының да маңызы зор. Бүгінде аталған жәрдемақы түрін 160 мыңнан астам адам алып отыр", – дейді ол.

Айта кетсек, қазір елімізде 1 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған төлемнің орташа мөлшері – 41 мың теңге. Бұған дейін қор басшысы әлеуметтік төлемдердің қалай тағайындалатынын есептеп берген еді. Сондай-ақ, асыраушысынан айрылған отбасыларға берілетін жәрдемақының 9% артқаны айтылды.