Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев зәулім үйін төмен тарифпен жылытатындар газға көбірек төлеуі қажет деген ойын бөлісті. Яғни, бай-бақуатты қазақстандықтар үшін жаңа жүйе жасалып, көгілдір отынның текше метрі қымбаттырақ болуға тиіс. Бұл бір жағынан, тауарлық газ тапшылығын жоюға және әртүрлі тарифтерді енгізуге мүмкіндік бермек. Әрі президент елдегі таптық теңсіздік мәселесіне де тоқталып отыр. 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы бұл мәселені әлеуметтанушы Рамазан Салықжановпен талқылады. 

– Мемлекет басшысы қазір бай мен кедей арасы алшақтай түскенін, халықтың тұрмыс сапасы да нашар екенін айтты. Сол үшін үкімет пен парламентке бұл проблемаларды алдағы бес жыл ішінде реттеуді тапсырып отыр. Әрі ол шешім жұрттың бәріне бірдей жаға бермейді деп ескертті де. Сіздің ше, бұл қандай шешімдер болуы мүмкін?

– Жалпы, "Әділетті қоғам" әлеуметтік саясатын іске асыру барысында неғұрлым әлеуметтік топтардың бір-біріне жақын болуын, бір-біріне жәрдемшісі болуын көздейді. Мысалы, Швецияда ең жоғары жалақы мен ең төмен жалақының айырмасы он еседен артық емес. Бұл дегеніміз, жалпы қоғам мүшелерінің ақшаға, байлыққа деген көзқарасынан туындайтын жағдай. Бірақ біз оны енгізе алмаймыз. Десек те, қоғам өзі түзеледі деп қарап отыруға тағы болмайды. Біз де белгілі бір салада, белгілі бір кәсіпте немесе кәсіпорында ең төмен жалақы мен ең жоғары жалақының алшақтығы көп болмасын деп шектеу қояйық. Қоғамда абсолютті теңдік орнату мүмкін болмаса да, әлеуметтік топтардың арақашықтығын азайтуға болады.


Оқи отырыңыз: Президент: Қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кетті


– Президент газды бейберекет пайдаланатын бай-бағландар басқа тарифпен төлеу қажет деді. Яғни, бұл әлеуметтік әділдік орнатудың бір баспалдағы болып отыр ғой. Осы секілді үрдіс өзге салаларға да қолданылуы мүмкін бе?

– Менің ойымша, бұл алғышарттардың бірі. Болашақта мұндай нормалар қымбат көлік, әшекей заттар секілді басқа да тұтыну тауарларына байланысты жалғасын табуы мүмкін. Қазақстанда бір адам баспаналы болғанда немесе баспана қажеттілігін есептегенде "бір кісіге – 18 шаршы метр" деп есептейміз. Демек, бұл – баспанамен қамтамасыз етудің ең төмен деңгейі. Ал жоғары шектік деңгей жоқ. Менің ойымша, біз осындай жоғары шектік деңгей қоюымыз керек. Егер де отбасыңызда үш кісі болса, баспанаңыз 450 шаршы метрден аспау керек деп заңмен тыйым салу қажет. Қажет болса баспана тәркіленіп немесе басқа мұқтаждыққа жұмсалуы керек. Мысалы, 500 шаршы метр үйде көпбалалы отбасы тұруы мүмкін.