"Бағзы заманда отырғандаймыз". Алматы облысында жүзге жуық тұрғын электр жарығына шағымданды
Бір-біріне байланып әрең тұрған тоқ сымдары бүгінде жел тұрса үзіліп, кейде өртеніп жатады, дейді тұрғындар.Алматы облысында электр желісі сапасыз жүргізілген ауылдың 100-ге жуық азаматы наразылық білдіріп жатыр. Олар мәселені екі айда шешпесе, әкімдіктен жоғары органдарға шағымданатынын айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық агенттігі.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, желіні салған сәтте әкімдік қадағалау жүргізбеген.
"Өзіміздің ауылдық әкімдікке аптасына бір рет барамыз. Алдындағы жарық берушілер бізді алдап кетті. Оны да айтқан болатынбыз. Қазіргі мәселемізді аудандық әкімдікке бірнеше рет ескерттік. Ал аудандық әкімдік осыны біле тұра бізге көмектеспей отыр", – деді Исаев аулының тұрғыны Асқар Өзбеков.
Тағы бір тұрғын Ақмарал Өмірзақова жарықтың жоқтығынан не кір жуа алмайтынын, не балалардың сабақ оқи алмайтынын айтады.
"Жарық шам сияқты жанып тұрады. 21-ғасырда емес, бұрынғы заманда өмір сүріп жатқандаймыз. Өзіміз ағашпен жалғап қойдық. Әрине, қорқынышты. Кейде балаларымыздың қолы тиеді, малдың басы тиеді. Екі күннің бірінде қорқып отырамыз, жел тұрса өшеді. Құлап қалады, оны барып тіреп қоямыз ағашпен", – деді Ақмарал Өмірқазова.
80 үйге ғана шақталған бұл құрылғыға бүгінде 300-ден астам баспана қосылып отыр. Бұл трансформатор да, тоқ сымдары да тұрғындар жинаған ақшаға салынған. Әр үй кемінде 150-200 мың теңге өткізген. Бірақ электр желісін жүргізуге жауапты болған азамат шаруаға жауапсыздықпен қарап, сымдарды қалай болса солай жалғап, көп жерге бағандар да орнатпаған.
"Бұрын істеген адамдар бәрін тастап кетіп қалған кезінде. Сол кездегі әкімнің кінәсі бар, ол қадағалауы керек еді. Енді электр желісін түгел жаңалау бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бүгінде облыстық бюджетке өтінім беріп қойғанбыз 300 миллионға", – деді Қарасай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Салават Қазиев.
Алайда аудандық әкімдік өкілінің айтуынша, бұл қаражатқа қатысты шешім әлі мәслихатта қаралады. Яғни ауылдағы тоқ желісін ауыстыру бүгін-ертең басталмайды. Ал сабырымыз сарқылды деген халық бұл жолғы уәде орындалмаса, облыс әкімдігіне шағымданатынын айтты.