Бұрынғы әділет министрі Азамат Есқараев Қазақстанның Үндістандағы елшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

"Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды", – делінген хабарламада.

Азамат Несіпбайұлы 1979 жылы Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы ҚР Әділет министрлігі заңнама департаментінің жетекші маманы болып бастаған.

2000-2005 жылдары ҚР Әділет министрлігінде бас маман, заңға тәуелді нормативтік актілердің жобаларын сараптау және дайындау басқармасы бастығының орынбасары — бөлім бастығы, заңнама департаментінің өндірістік саланың заңға тәуелді нормативтік актілерін сараптау бөлімінің бастығы, заңнама департаменті басқармасының бастығы, заңға тәуелді актілер департаменті басқармасының бастығы болған.

2005-2006 жылдары — Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы.

2006-2007 жылдары — "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ заң қызметі департаментінің бас менеджері.

2007-2012 жылдары — ҚР Әділет министрлігінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді: құқықтық мәселелер жөніндегі консультант, ішкі әкімшілік департаментінің жетекші маманы, министрдің көмекшісі, талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, заңнама департаментінің директоры.

2012-2014 жылдары ҚР ЭҚСЖҚКА инспекциясының ұйымдастыру-бақылау департаментінің бастығы болған.

2014-2019 жылдары ҚР премьер-министрі кеңсесінің заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған.

2019 жылдан 2023 жылғы қаңтарға дейін — ҚР премьер-министрі кеңсесі заң бөлімінің меңгерушісі.

ҚР президентінің 2023 жылғы 4 қаңтардағы жарлығымен ҚР әділет министрі болып тағайындалды.

2023 жылғы 4 сәуірде ҚР президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасының әділет министрі болып қайта тағайындалды.

2024 жылғы 6 ақпанда ҚР президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасының әділет министрі болып тағайындалды.

2025 жылы Азамат Есқараев әділет министрі қызметінен босатылған еді.