Автонесие бағдарламасы 6 ақпанда басталады. Қалай онлайн өтініш беруге болады?
Платформада 761 өтініш беруші тіркеленнен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде тоқтатылады."Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау платформасын іске қосады. Өтінімдер 6 ақпанда сағат 10.00-ден бастап www.autonesie.kz ресми сайтында қабылданады.
Өтінім беру үшін ЭЦҚ талап етіледі, сондай-ақ автоөндірушілерді алдын ала таңдау шарт. Платформада тек Қазақстан аумағында тіркелуге болады.
Сайтта өтінім берген кезде өтініш берушінің деректері автоматты түрде ЭЦҚ арқылы қалыптасады. Өтініш беруші телефон нөмірін енгізіп, автоөндірушіні таңдап, өтінімге қол қоюы керек. Өтінімнің тіркелу фактісін "Жеке кабинет" арқылы тексере алады.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы 4 пайыздық автонесиемен қалай көлік алуға болады? Өзекті 10 сұраққа жауап
"Платформа тек бағдарламаға қатысушылардың пулын жасайды. Дилерлік орталықтарда автокөлікті және банктерде кредит беру кезектілігін анықтамайды. Өтінім бергеннен кейін автоөндірушіні өзгерту мүмкін емес", – делінген хабарламада.
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамыр айында бастау алды. Оны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынды. Автокредиттің орташа мөлшері – 7,8 млн теңге.
Оқи отырыңыз: Жеңілдетілген автонесие: 2023 жылы 2 мың көлік сату жоспарланып отыр
Қолданыстағы автокредиттерді өтеуден жинақталған қаражат көлемі 7,6 млрд теңгені құрайды. Сол себепті пилоттық платформа іске қосылғанда 761 өтініш беруші тіркеле алады. Содан кейін платформада өтінімдерді қабылдау автоматты түрде тоқтатылады. Одан кейін платоформада ай сайын жүзден астам өтініш беруші тіркеледі.
Өтінімдер келесі жағдайда қабылданбауы мүмкін:
- бұған дейін бағдарлама аясында автонесие алса;
- платформада өзекті өтінімі болса.
Платформа өтінім берушілер мен автоөндірушілерге, сондай-ақ бағдарламаға қатысушы банктерге өтінімнің мәртебесін өтінім берілген сәттен бастап автомобиль берілгенге дейін онлайн қадағалауға, сондай-ақ бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттары өзгерген жоқ:
- автомобильдің құны – 15 миллион теңгеден аспайды;
- қаржыландыру сомасы – 10 миллион теңгеден артық емес;
- қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан аспайды;
- бастапқы жарна – 0% бастап;
- кредит беру валютасы – теңге;
- сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4%. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушының автокөлікті сақтандыру және ресімдеу (оның ішінде кепілге қою) бойынша шығындарын ескере отырып, жылдық 7,5%-дан аспауы тиіс;
- түпкілікті қарыз алушылар сақтандыру және отандық өндірістің жеңіл автокөлігін кепілге ресімдеу бойынша шығыстарды төлейді.
Бағдарламаға "Сарыарқаавтопром" мен Hyundai Trans Kazakhstan автоөндірушілері қатысады.