Келер жылы сұйытылған газ құны ымбаттауы мүмкін. Яғни, автогаз бағасы тағы 10 теңгеге көтеріледі. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов мәлімдеді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Вице-министр қазір нарықта автогаз тапшылығы сезіліп жатқанын айтып отыр. Ведомство бұл проблеманы жасырмайды. Тапшылыққа "өкінішке қарай, күнделікті автокөлік жүргізушілерінің арзан отынға ауысуы себеп" болып отыр дейді Әлібек Жамауов. Десе де, кейінгі екі жылда министрлік дәл осы мәселені шешуге мықтап кіріскен. Яғни, ұлттық компаниялардан сұйытылған мұнай газын өзге отын түрлеріне қарағанда көбірек өндіруді өтінген.

"Қашаған" және "Қарашығанақ" кен орындарындағы жаңа өндірістер іске қосылған соң тапшылық мәселесі шешіледі деп ойлаймын. Ал сұйытылған мұнай газының бағасы кезең-кезеңімен өседі. Мәселен, биыл 5-8 теңге аралығында көтерілді. Келер жылы 10 теңгеге дейін қымбаттайды", – деді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.