"Ауыл" партиясы ауылдарда бассейн салуды ұсынды
Сонымен қатар мүгедектігі бар балалардың бассейнде жаттығуына, сауықтыру шараларына бір жылды толық қамтитын қаражат бөлуді сұрады."Ауыл" партиясының депутаттары премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сауалында ауылдарда жастар мен мүгедектігі бар балаларға арналған сауықтыру орталығы мен бассейн салуды ұсынды.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасында ауыл жастары мен мүгедектігі бар балаларға арналған сауықтыру орталығы мен бассейн салу ескерілмеген. Бүгінгі таңда ауылдарда, аудан орталықтарында аталмыш сауықтыру орталығы жоқтың қасы, ал көптеген дертке дауа болған бассейн орталықтары ауыл тұрғындарына мүлдем арманға айналған. Соның салдарынан ауыл жастары, мүгедектігі бар балаларды асырап отырған ата-аналар қала, облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Тиісті ем-шараларды, сауықтыру процедураларын қала орталықтарында алып жатыр", – деді депутат Таңсәуле Серіков.
Депутат қаладағы жағдай да мәз емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, мүгедектігі бар балалардың бассейнге жатығуына қатысты қаражат жергілікті бюджеттен ғана қарастырылады.
"Мысалы, Ақтөбе қаласында ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап мүгедектігі бар балалар жүзуге бармайды, өйткені бөлінген қаражат таусылды. Бағдарламаны жалғастыру үшін қосымша қаржыландыру қажет. Қосымша қаражат бөлу жөніндегі бюджеттік өтінім ағымдағы жылдың сәуір айында ғана мәслихат сессиясында қаралады. Сәуір айында сұраныс мәслихатта оң шешімін тапқан күннің өзінде мәселе толыққанды жүзеге маусым – шілде айында асады. Сонда мүгедектігі бар бала жарты жылға жуық сауықтыру шараларын алмайды деген сөз. Мемлекеттік органдарда келесі жылға бюджет қаражаты салынатын мүгедектігі бар балалардың деректері бар, алайда бөлінген ақша қаражаты жыл басында аяқталды. Қаражатты толық бір жылға бюджеттен қарастыруға не кедергі?", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Депутат мүгедек балаларды ұшақпен тегін тасымалдауды ұсынды
Депутаттар аталған мәселеге қатысты бірнеше ұсыныс білдірді. Атап айтқанда:
- 2023 жылға нақтыланған республикалық бюджетте "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына қарастырылған қосымша 55 млрд тенге, сондай-ақ, "2023-2025 жылдарға арналған жалпы трансферттер көлемі туралы" заңда 2023 жылға арналған әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы объектілерін күрделі және орташа жөндеуге қарастырылған 102,2 млрд теңге қаражат есебінен аудандық, ауылдық орталықтарында сауықтыру, бассейн кешендерін салуды қолға алу;
- Мүгедектігі бар балалардың бассейнде жаттығуына, сауықтыру шараларына бір жылды толық қамтитын бюджет қаражатын бөлу;
- 2022 жылға бекітілуі тиіс бюджет қаражатын дұрыс бөлмеген қызметкерлердің жауапкершілігі туралы мәселені көтеру, сондай ақ мұндай фактілерді болдырмау үшін шара қабылдау.