Ауыл кәсіпкерлері қалай 5-12 млн теңге несие ала алады?
Несие 5-7 жылға беріледі, жылдық мөлшерлемесі – 6%.Аграрлық несие корпорациясы ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдетілген шағын несиелер беру науқаны басталғанын хабарлады. Биыл ауыл мен шағын қала тұрғындарына шағын несие беруге 40 миллиард теңге қарастырылған.
Бағдарлама шарты бойынша несиенің сомасы:
- мал шаруашылығын дамытуға – 5 млн теңге, зәкірлік кооперацияны дамытуға – 12 млн теңге;
- басқа ауыл шаруашылығы бағыттарына – 6 млн теңге, зәкірлік кооперацияны дамытуға – 12 млн теңге.
Шағын несие мерзімі – 5 жылға дейін; мал шаруашылығы саласындағы жобаларға – 7 жылға дейін. Жеңілдетілген кезең – несие мерзімінің үштен бір бөлігі.
Оқи отырыңыз: Кәсіп ашқыңыз келсе... Шағын несиеге қалай қол жеткізуге болады?
Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – жылдық 6%-дан бастап), несие серіктестіктері мен микроқаржы ұйымдары үшін жылдық 2% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – жылдық 2%-дан бастап), бұл ретте, түпкі қарыз алушыға номиналды мөлшерлеме – жылдық 6%-ға дейін (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – жылдық 6%-дан бастап).
"Шағын несиеге онлайн өтінім беруге болады. Ол үшін фермер ЖСН арқылы www.agronesie.kz платформасына тіркеліп, несие мақсатын таңдап, кепіл берушінің мәліметтерін енгізіп, өтініш жіберуі қажет. Мемлекеттік және басқа да деректер базасымен бірігу кепілді онлайн бағалауға және 10 минут ішінде несиені алдын ала мақұлдау туралы жауапты жіберуге мүмкіндік береді, – деді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Төлегенов.
Соңғы бес жылда "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында ауыл кәсіпкерлері корпорация арқылы жалпы сомасы 267,3 млрд теңгеге 63,5 мың қарыз алды.