Аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғаяды: Шымкенттегі теміржол вокзалының қайта құру жұмыстары қашан аяқталады
Шымкентте теміржол вокзалының ғимараты мегаполис сәулетіне сай салынып жатыр. Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі теміржол вокзалының жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды талап етіп отыр. Қаланың даму жоспарына сәйкес, теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда теміржол вокзалының 2-қабатының құрылыс жұмысы 80 пайызға, бірінші қабатынікі 30 пайызға орындалды. Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір тәулігіне 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қамти алады.
Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады.
Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір монтаждау жұмыстары жалғасып, нысанда жылу, жарық жүйелері тартылуда.
Оқи отырыңыз: "LRT мен BRT салынады". Алматыдағы кептеліс қалай шешіледі?
Сондай-ақ өрт сөндіру дабылдары, интернет жүйесі және бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары атқарылуда. Ал бірінші қабатта құрылысшылар колонналарды күшейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қаланың ерекшелігіне сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы вокзал құрылысын жобаға сәйкес атқарып, нысанды мерзімінде қолданысқа беруді тапсырды. Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы болу үшін желдеткіш жүйесін тиісті талаптарға сай жүргізу керектігін ескертті.