Жамбыл облысының әкімдігі мен Отбасы банкі "Әулиеата жастары" тұрғын үй бағдарламасын іске қосты, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі. 

Жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен ипотека алуға мүмкіндік береді. 

Үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Бағдарламаға қатысушылардың Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде соңғы 12 айдан кем болмауы тиіс. Табысы да ескерілетін болады. Отбасының әрбір мүшесі үшін ол 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен астауы керек (1 КМ – 37 389 теңге). Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.

Қазіргі таңда облыстың 35 жасқа дейінгі 7 140 тұрғыны баспана кезегінде тұр. 2021 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пәтер алуға мүмкіндік алды. Биыл "Әулиеата жастары" бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша құралына айналады. 


Оқи отырыңыз: 


Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді қабылдау www.e-jambyl.kz порталында 20 шілде күні басталып, 30 шілдеге дейін жалғасады.

Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі жасалып, Отбасы банкіне жіберіледі. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексеріп, нарықтан пәтер табуы қажет. Баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан және "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігімен салынып жатқан нысандардан сатып алуға болады. 

  • Тұрғын үй сатып алуға Отбасы банк 13 млн теңгеге дейін несие береді (егер мүліктің құны одан асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады).
  • Бастапқы жарна – 5%.
  • Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%).
  • Несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін.