Ауғанстан қазақтары: Ең кемі 70 адам Қазақстанға көшуге дайын отырмыз
Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ауғанстан қазақтарының қашан, қалай және қаншасы көшірілетінін хабарламай отыр.31-арна тілшілері Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында тұратын бір топ қазақтармен байланысқа шықты. Олардың айтуынша, қаланың өзінде ең кемі 70 этникалық қазақ Қазақстанға көшуге дайын отыр. Бұл туралы арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Ауғанстан қазақтары Мазари-Шарифтен 427 шақырым қашықтықтағы Кабулдағы елшілікке өз бетімен барайын десе, қаруланған талибан жасақтарынан қорқады.
"Біз Ауғанстанда, соғыс ішінде қалып кеттік. Қазақстанға баруға мұқтаж болып отырмыз", – дейді Ташболат есімді этникалық қазақ.
Соңғы екі тәулікте Кабулдағы Қазақстан елшілігіне этникалық қазақпыз деген азаматтар барып жатыр. Елшіліктен бөлек, "Отандастар" қорының қызметкерлері де Ауғанстан қазақтарының құжаттарын рәсімдеуге көмектесуге кірісті. Бірақ, қанша қазақты қашан, қалай және қай жерге көшіріп әкелетіні әзірге белгісіз. Арна тілшілері Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен жауап ала алмады.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: