Атыраулық шаруалар егіс алқабына Өзбекстаннан жұмысшы тартуды сұрап отыр
Шаруалар шетелдік жұмысшылар тартылмаса, егін көлемін азайтуға мәжбүр екенін мәлімдеді.Жұмыс күшінің жетіспеуіне байланысты Атырау облысында егіс алқабы күрт азаюы мүмкін. Жергілікті шаруалар шенеуніктерге шетелден жұмыс күшін тартуға өтінім берген. Жауаптылар квотаның үштен бір бөлігін ғана қанағаттандырған. Ал жергілікті тұрғындардың далада жұмыс істеуге ынтасы жоқ, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Атыраулық шаруалар шетелден жұмыс күшін тарту үшін 1 200 квотаға өтінім берді.
"Комиссия қарап, 600-ге жуығын бекітті. Алайда президент тапсырмасымен 30 пайызға қысқарып, 394 квота бөлінді", – деді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Мейрамбек Алдияров.
Егін егуге дайындалып отырған шаруалар мұның өздері үшін үлкен соққы болғанын айтады. Көрші Өзбекстаннан жұмысшылар тартылмаса, егін көлемін азайтуға мәжбүр болмақ. Ең ірі шаруа қожалығының иесі Енисей Юн аймақтағы мәселе шешілмесе, тұрақтандыру қорына арзан бағаға өнім сатуды тоқтатуға шешім қабылдаған.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысындағы ІІІ интернационал ауылы тұрғындарының егін егуіне не кедергі?
"Биыл егістік көлемін 200 гектарға дейін азайтамыз. Демек өнім аз болады. Бұл өз кезегінде көкөніс бағасына айтарлықтай әсер етеді. Бізге адамдар керек. Мұнайшыларға төленгендей жалақы төлей алмаймыз. Шетелдіктерге 80-100 мың теңге төлейміз. Олар уақытпен санаспай жұмыс істей береді. Ал жергілікті тұрғындарға 8 сағат жұмысы үшін 100 мың төлесек те келмей отыр", – деді шаруа қожалығының басшысы Енисей Юн.
Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар квота санын 750-ге арттыруды сұрап, үкіметке хат жолдаған. Қазір жауап күтіп отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бойынша білім алып жатқан студенттердің практикалық тәжірибесін ұйымдастыруды, оңтүстік облыстардан адамдар шақыруды бастап кеткен. Бірақ, оның нәтижелі болатынына өздері де сенімсіз.
"Шаруашылықтармен кеңесе отырып жатақхана, тамақ, санитарлық жағдайына 120-130 мың шамасында бөлуге шаруашылықтар келісіп отыр. Хабарласып жатқандар бар, бірақ оларға сеніңкіремейміз", – деді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Тілеу Әміров.
Ауыл шаруашылығы басқармасы биыл көктемде егіс алқабының аумағын 9 700 гектарға көбейтеміз, дейді. Ал шаруалар жұмысшылар таппайынша мұның жүзеге аспайтынын айтады.
Еске салсақ, Түркістан облысында мал жайылымына демалыс орындардың салынып жатқаны туралы хабарлаған едік. Төле би ауданындағы 4 ауылдың 4 200 гектар жайылымы 10 есе қысқарған.