Атыраудағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 49 полицей мен 27 сарбаз жарақат алды
Полиция департаментінің басшысы тәртіпсіздік кезінде бір адамның көз жұмғанын мәлімдеді.Облыс коменданты – полиция департаментінің басшысы Қамза Үмбетқалиевтің хабарлауынша, Атыраудағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 49 полицей мен 27 сарбаз жарақат алды.
"Жаппай тәртіпсіздік кезінде 49 полицей мен 27 сарбаз жарақаттанып, бір адам көз жұмды. Мұнымен қатар, облыстық әкімдік ғимараты мен полицияның 7 көлігі бүлінді. Заңсыз митингіге қатысқан 275 азамат полиция бөлімшесіне жеткізілді", – деді Қамза Үмбетқалиев.
Бұдан өзге ол жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 186 күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
"Бүгін тұрғындар қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау үшін дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің 62 мұғалімі полицейлермен бірге жаяу патрульдеуге шықты", – деп қосты Қамза Үмбетқалиев.
100-ге жуық полиция ардагері мен ерікті қоғамдық тыныштықты сақтауға көмектесуге ниет білдірген.
Еске салсақ, елдегі жаппай тәртіпсіздіктен кейін 2 265 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ауруханаларда 83 адам ауыр халде жатыр.