Атырауда балық шабақтары жаппай қырылып жатыр
Мамандар шығынды есептеп, су жәндіктерін құтқару жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.Атырауда балық шабақтары жаппай қырылып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Су бетіне қалқып шыққан өлекселерді тұрғындар көріп, дабыл қақты. Қала іргесіндегі канал бойынан 30 келіге жуық шабақ табылған. Мамандар су маржандарына оттегі жетіспей қалуы мүмкін деп отыр.
Сонымен қатар су температурасының көтерілуі себеп деген болжам жасады. Қазір мамандар шығынды есептеп, су жәндіктерін құтқару жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Экология министрлігі қоғамдық кеңесінің өкілі Каспийде итбалықтардың қырылу жағдайын түсіндірді
"Балықтың өлуі туралы ақпаратты растаймыз. Анықтау барысында көктемгі су тасқыны салдарынан Жайық өзені жағадан шығып, өзен суы төгілуі арқылы Соколок арнасына түскені анықталды. Сондай су тасқыны кезінде Соколок арнасымен бірге балықтар төгіліп "Теплый" арнасына түскен", – деді Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашев.
Кешелі бері жүргізілген тазалау жұмыстарының нәтижесінде 28 келі балықтардың өлексесі жиналған. Бірақ бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін дейді мамандар.