Атырау облысының Жылыой ауданында былтыр пайдалануға берілуі тиіс болған үш бірдей мектеп-интернаттың күрделі жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Себебі мердігер компания бастаған істі аяқтамай, орта жолдан тастап кеткен, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл елдімекенінің мыңға жуық оқушысы сабақты тар мектепте төрт ауысымда оқуға мәжбүр. Ал облыс орталығындағы балалар басқа мектептерге ауыстырылған. Жергілікті шенеуніктер мердігер компанияны сотқа берген.

Қосшағыл ауылындағы мектептің күрделі жөндеуін мердігерлер былтыр қазан айында аяқтауы тиіс болған. Бұл жұмыстарға бюджеттен 548 миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ, соның 157 миллион теңгесі игерілмей, жұмыс орта жолдан қалған. Құрылысшылар ғимараттың бірінші қабатындағы еденді төсемеген. Соның кесірінен ауылдағы 900 оқушы қазір небәрі 320 орынға шақталған бастауыш мектеп ғимаратында 4 ауысымда оқып жатыр. Тар бөлмеде сабақ оқу қиын болғандықтан, мұғалімдер мұнда күніне 4 сабақ өтеді. Ал қалған пәндер онлайн форматқа ауыстырылған.

Ата-аналар бұл мәселені жиналыстарда көтергенімен еш нәтиже болмағанын айтады.  

"Бұл мектептің жөндеуі бітпейді. Жұмысшылары үй жағалап есік-терезе салып жүр. Келіп жатқан материалдарды сатып жатқанын мен жиналыста шырылдап тұрып айттым. Әлі 45 терезе, 5 есік салынған жоқ", – деді Қосшағыл ауылының тұрғыны Гүлжан Мағрұпқызы.


Оқи отырыңыз: Атырау облысында ата-аналар балаларын үш ауысымды мектепке жіберуге қарсы


Аядай мектепте кабинеттердің тапшы екенін және онда бала оқытудың қиындығын мұғалімдер де мойындап отыр. Әрі кей сабақтар онлайнға ауыстырылғандықтан, шәкірттерінің оқу үлгерімі нашарлап кеткенін айтады.

"Ізденіп білім алуға болады дейтіндер көп, бірақ бала онлайн сапалы білім ала алмайды. Барлық бала ізденімпаз деп айта алмаймыз. Балаларға толыққанды сабақ өту қажет", – деді математика пәнінің мұғалімі Сұлушаш Назарова.

Арна тілшісінің айтуынша, Шымкентте тіркелген құрылыс компаниясы Қосшағылдағы мектептен бөлек Атырау қаласындағы екі білім мекемесінің де күрделі жөндеу жұмысын аяқсыз қалдырған.


Оқи отырыңыз: "Қабырғасы қақырап, жылу ұстамайды". Алматыда жаңа мектеп 2 жылда апатты күйге түскен


Атыраудағы екі мектеп-интернаттың балалары қазір басқа білім ұясында оқып жатыр. Жергілікті әкімдік оларды жатақханамен  қамтыған. Ал бастаған ісін аяқсыз қалдырған шымкенттік мердігер компанияны сотқа берген. 

"Мәселенің бәрі мердігердің жауапсыздығынан басталды. Сот аяқталмай, жұмыс жалғаспайды. Шартты бұзып, жаңадан істеу үшін жаңа процестер керек болады. Ол уақыт алады", – деді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова.

Атырау облысында қайта жаңғыртуды қажет ететін 8 білім мекемесі бар. Оған 4,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Күрделі жөндеуі басталып, аяқсыз қалған үш мектептің мәселесі қашан шешілетіні белгісіз.