Асық ату мен тоғызқұмалақ мектеп оқушыларын тәрбиелеу жоспарына енгізілді
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында орта білім беру ұйымдары үшін жаңа оқу жылына арналған "Тоғыз ай – тоғыз іс-шара" жоспарын ұсынды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
"Тоғыз оқу айы ішінде оқушылар тоғыз түрлі іс-шараларға қатысады. Жоспарды іске асыру – биылғы наурызда оқушылар арасында өткізілген "Күй күмбірі" республикалық домбырашылар челленджінің жалғасы. Барлық іс-шаралар ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие процесіне бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етуге бағытталған", – деді Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева.
Оқи отырыңыз: Көлгінов тоғызқұмалақ пен асық атуды мемлекеттік қаржыландыру мәселесін қарастыруды тапсырды
Іс-шаралар келесі тәртіпте өткізіледі:
- Қыркүйек – "Сергіту сәті";
- Қазан – "Әнұран айту";
- Қараша – "Асық ату";
- Желтоқсан – "Шығарма жазу: болашаққа хат";
- Қаңтар – "Қазақ есебі";
- Ақпан – "Оқуға құштар мектеп";
- Наурыз – "Домбырашылар";
- Сәуір – "Тоғызқұмалақ, шахмат ойыны";
- Мамыр – "Жасыл мекен".