Асхат Аймағамбетов білім басқармалары басшыларына: Арнайы цифрлық курсты түсінбесеңіздер, қызметте босқа отырсыздар
Республика бойынша 112 035 ұстаз цифрландыру бойынша біліктілігін арттырған.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздарға арналған цифрлық курсты меңгеру мәселесіне тоқталды. Курсты меңгермеген өңірлерді атап, осы бағытта жұмыстар жүргізуді тапсырды.
"Педагогтердің цифрлық құзіреттері бойынша жаңа онлайн курс дайындалды. Оны тамыз айында қарастырдық. Республикадағы білім басқармаларына тиісті тапсырма бергенбіз. Бүгінгі таңда осы курсқа 176 696 адам ғана қатысып, 112 035-і тәмамдаған. Қай облыстардың осы жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмай жатқанын көріп отырсыздар. Әрине, "Неге бұл жұмысқа қатыспай жатыр?" деген сұрақ туындайды. Бұл қажет емес деп ойлайсыздар ма? Әлде цифрлық құзіреттілік бойынша көп жұмыс жасалып қойды деп ойлайсыздар ба? Қандай себептер бар? Мұны түсіну мүмкін емес. Тапсырма берілді – тапсырманы орындау керек. Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Маңғыстау облыстары, жауап беріңіздер", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр Атырау облыстық білім басқармасының жетекшісі Сатқан Есенғалиевке қатаң ескерту жариялады. Алдағы уақытта цифрландырудың базалық құзіреттілік қатарын толықтыруы тиіс екенін айтты.
"Қалай жаман емес? 3,34%! Цифрды көріп отырсыз ба? Сатқан Ыбырайұлы, сізге қатаң ескерту жасаймын. Біріншіден, бүгінгі күн тәртібі бойынша дайын емессіз. Екіншіден, жалпы жауап беруіңіз бізді қанағаттандырмайды. Атқарып жатқан жұмысыңыз бойынша да мен сұрақ қоятын боламын. Мұндай жауаптарды қабылдамаймын. Бұл бақылауды әрі қарай жалғастырыңыздар. Мен атаған облыстар бойынша зерттеу жүргізіп, баяндайсыздар. Цифрлық құзіреттілік бойынша жұмыс жүргізу керек. Қазіргі уақытта цирфлық құзіреттілік деген жазу мен оқу, санау сияқты базалық құзіреттіліктер санатына жатады. Халықаралық талдау, зерттеу нәтижелерін көріп отырмыз. Мұны ешкім еріккеннен жасап отырған жоқ. Бұл – ақысыз дайындалған арнайы курстар. Оны түсінбейтін болсаңыздар, онда орындарыңызда бостан босқа отырсыздар деп айта аламын. Бұл мәселені түсінбейтін адам біз жүргізіп жатқан саясатты да түсінбейді деген сөз. Цифрландыру мәселесі өте маңызды", – деді Асхат Аймағамбетов.