Асхат Аймағамбетов: Оқулықтар ғылымидан гөрі балаларға түсінікті жеңіл тілде жазылуы тиіс
Министрдің сөзінше, әдеби шығармаларда қатыгездік, кісі өлтіру секілді бейшара келбетті қалыптастыратын мәтіндер өте көп.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас" республикалық съезінде қазақ әдебиетін оқыту мәселесіне тоқталды.
"Пән бағдарлмасының мақсаттарын да тиісті зерделеу керек. Жалпы мақсаттар өте қажет, бұл концепциядан ешкім бас тартпайды. Ғылыми тілден жалпылама балалар түсінетіндей қарапайым тілге жетілдіріп, сол мақсаттарды сақтап қалу мәселесі өте маңызды", – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр оқулықтардағы әдеби туындылардың мазмұнын зерттеп, тиісті жаңартулар енгізу қажет екенін атап өтті.
"Соцреализм туындылары өте көп. Мысалы, қазақ әдебиетінде проблема айтылатын туындылар қаптаған. Соның ішінде қатыгездік, пәтер іздеу, тойдан қайтқан, кісі өлтіру деген сияқты бейшара келбетті қалыптастыратын мәтіндер өте көп. Оны ашық айтуымыз керек. Болашаққа ұмтылған ұлт болсақ, жаңа адами капиталды қалыптастырамыз десек, болашақта қажет құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Оны әдебиеттегі әртүрлі образдар мен өте маңызды туындылар арқылы қалыптастыра аламыз. Әртүрлі келеңсіз жағдайларға негізделген, проблемалардан аспай қалатын туындылар болса, бұл мүмкін бе, мүмкін емес пе?" – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Министрдің сөзінше, биыл республика бойынша 2,5 миллион көркем әдебиет сатып алынған. БҒМ басшысы әлем әдебиеті туындыларын бағдарламаға кіріктіргенде жаңа заман туындылары өте қажет екенін айтып, сондай-ақ балалар интернеттен тұтынатын контентті қазақша сөйлету маңызды бағыттың бірі деп атап өтті.