Астананың 28 мектебінде қазақ күресі пән ретінде оқытылады
Қазақстанда қазақ күресімен жүйелі түрде айналысатындардың саны 159 мыңға жетті.Астананың 28 мектебінде қазақ күресі вариативті пән ретінде оқытылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Қазақ күресін пән ретінде оқыту алғаш 2021 жылы Астана мектептерінде апробациядан өтті. Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге 2020-2021 оқу жылына арналған қазақ күресін дамыту жөніндегі іс-шаралардың бірлескен жоспары әзірленіп, жүзеге асырылды.
Пилоттық жоба сәтті жүзеге асып, нәтижесінде Астананың 28 мектебінде қазақ күресі вариативті пән ретінде оқытылмақ.
"Қазақ күресі әсіресе, аудандарда, ауылдарда қарқынды дамып жатыр. Себебі, бұл шығыны аз, көпшілік үшін қолжетімді спорт түрі саналады. Бірақ біз қала жастарын да ұлттық спорт түріне баулу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ күресіне тек күрес түрі емес, жастарымыздың жігіттік болмысын қалыптастыратын тәрбие құралы ретінде қарау керек. Осы орайда ұлттық спорт түрін мектеп бағдарламасына енгізудің маңызы өте жоғары", – деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады
Айта кетейік, Қазақстанда қазақ күресімен жүйелі түрде айналысатындардың саны 159 мыңға жетті. Бүгінгі таңда 4427 қазақ күресі үйірмесі жұмыс істейді.