Астанада қазақ тіліндегі ІТ-контентті дамытуға арналған startuphana өтті
Startuphana – Қазақстанда қазақ тілінде өтіп жатқан алғашқы ірі ІТ-фестиваль.Астанада қазақ тіліндегі ІТ-контентті дамытуға бағытталған Startuphana Digital Fest шарасы өтті, деп хабарлады Astana Hub технопаркінің баспасөз қызметі.
"Startuphana IT саласында қазақ контентін дамыту, қазақ тілді IT-мәдениетті қалыптастыру жолында еңбектеніп жүрген ақпараттық технологиялар cаласының мамандары мен кәсіпкерлер қауымдастығын қолдау мақсатында өткізілді. Қазақша IT-өнімдердің қоғамнан өз орнын алуы, азаматтардың талғамынан шығуы – стартаптардың бәсекеге қабілетті екенін білдіреді. Осы ретте, біздің талантты жастарымыздың ІТ-саласына ұмтылып жатқаны қатты қуантады", – деді форумның ашылу салтанатында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Форумда табысты стартапшылар мен IT-мамандар, блогерлер мен мотиваторлар бизнес және DIGITAL саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, стартаптар, маркетинг, NFT және тағы басқа тақырыптарды талқылады.
2016 жылы шетелге кетіп, Кремний алқабын бағындырған ІТ-маман, қазірде АҚШ-та әйгілі LinkedIn желісінде аға инженер қызметіндегі Мақсат Қадыров ІТ-салада жетістікке жету тәжірибесі туралы баяндады.
"Қазір біздің елде айти-мамандар үшін түрлі құралдар бар, жақсы жағдай жасалған. Мысалы, Астана хаб – сондай құралдардың бірі. Егер бұрын осындай мүмкіндіктер болғанда, мен басқа елге кетпес те едім. "Есің барда, еліңді тап" дегендей, мен LinkedIn-нен кетемін деп шештім, қайтадан Қазақстанға ораламын", – деген Мақсат Қадыровтың сөзін жастар қошеметпен қабылдады.
IT-ағартушы, қазақ тіліндегі "IT-тірлік" журналының авторы және құрастырушысы Тимур Бектұр АҚШ-тың Бостон қаласынан онлайн қосылып, инноваторға айналу жолдары туралы әңгімеледі. Ал Astana Hub қызметкерлері Дәулет Беймурзинов мен Әшімбек Әбілғазинов ІТ-стартап жасау барысында қажетке жарайтын оқыту бағдарламалары туралы баяндады.
"Startuphana – қазақ тілінде өтіп жатқан еліміздегі алғашқы ірі ІТ-фестиваль, сондықтан бұл іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта біздің ортақ болашағымызға оң әсерін тигізер осындай іс-шаралар көбірек ұйымдастырылады деген үміттемін", – деді форум спикерлерінің бірі, ҚР ҰБ блокчейн орталығының басшысы Айдана Қасқырбек.
Сонымен қатар спикерлердің қатарында "Qamalladin Media" иесі және негізін қалаушы Абылайхан Қамалладин, Yessen & Company халықаралық консалтингтік фирмасының басқарушы серіктесі Азат Есенов, TTС бұлттық және спутниктік технологиялардың өнім менеджері Жігер Қайратұлы, контент-мейкер, кәсіби фотограф, блогер Фархад Молдаш, танымал инстаграм және youtube-блогер Біржан Әшім және тағы басқалары болды.
"Startuphana туралы әлеуметтік желіден білдім және осында келгеніме қуаныштымын. Себебі бүгінгі спикерлерді тыңдап, ІТ-саласында қандай мүмкіндіктер бар екенін білдім және өзімнің болашағыма қажетті бағдар алдым", – дейді форум қатысушысы Әли Қонысов.
Айта кетейік, Startuphana Digital Fest шарасын Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.