Қаржылық мониторинг агенттігі еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі

Хабарламадан белгілі болғандай, жиналған қаражаттың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алуға жұмсалған.

"88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін, жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды", – делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Перизат Қайрат. Фото Перизаттың Instagram парақшасынан алынды

Сонымен қатар, Перизат Қайрат қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Дубай, Доха, Лондон және Ыстанбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол Cartier және Louis Vuitton сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. 

"Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8 пайыз сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған. Күдікті ұсталды. Егер сіз Перизат Қайраттың алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болсаңыз Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе +7 (7172) 70-33-89 (қосымша 21384) телефон нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз", – делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында.