Астанада оқушылардың халықаралық Менделеев олимпиадасы басталды
Олимпиадаға 20-дан астам елден келген оқушылар қатысады.Астанада 1-6 мамыр аралығында мектеп оқушыларының химия пәні бойынша Халықаралық 57-ші Менделеев олимпиадасы өтеді, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Олимпиадаға 20-дан астам елден келген оқушылар қатысады. Оның ішінде Ресей, Австрия, Сауд Арабиясы, Армения, Израиль, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерден қатысушылар бар. Команда құрамалары бұған дейінгі ұлттық химия олимпиадаларының нәтижесінде анықталып, іріктелген. Қазақстан атынан 15 оқушы қатысады.
Олимпиада алты күнге созылады және үш кезеңнен тұрады: екеуі теориялық және біреуі тәжірибе жүзінде. Бірінші кезең тапсырмалары күрделілігі бойынша арнайыландырылған химия сыныптарының бағдарламасына сәйкес келеді. Екінші кезеңде қатысушыларға химияның бес бөлімі бойынша жоғарырақ деңгейдегі тапсырмалар беріледі. Бес сағаттық тәжірибелік кезеңде оқушылар химиялық зертханаларда заттардың химиялық сараптамасын жүргізіп, ұсынылған әдістеме бойынша синтез жасайды.
Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дәрежелері бойынша дипломдар мен медальдар табысталды. Абсолютті жеңімпазға жарысты ұйымдастырушылар тағайындаған академик Валерий Лунин атындағы сыйақы тапсырылады.
Айта кетейік, олимпиада ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Ресей тарапынан М.В. Ломоносов атындағы ММУ-нің химия факультеті мен Андрей Мельниченко атындағы қор.