Астанада концерт беретін Джей Ло қалаға 6,5 млрд теңге пайда әкеледі − продюсер
"Астана Концерт" компаниясының продюсері Мәлік Хасенов Дженнифер Лопестің елордада өтетін концертінің ел экономикасына оң ықпал ететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай ауқымды іс-шаралар жергілікті қонақ үйлер, мейрамханалар мен басқа да қызмет көрсету салалары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, концертке келетін шетелдік туристердің арқасында қалаға қосымша қаржы түсімдері күтілуде. Бұл өз кезегінде ел беделін көтеріп, Астананы халықаралық деңгейде танымал етеді деп сендірді Хасенов.
"Бүгін Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін тарихи оқиға болатын ерекше жобаны қуанышпен көрсеткім келеді. 1 тамызда "Астана Арена" стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтеді, ол толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылған", − деді Мәлік Хасенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оқи отырыңыз: Cancel culture: Актер Шәріп Серік кейсінің қазақстандық "кәнсіл мәдениетіне" әсері қандай
Оның айтуынша, Дженнифер Лопестің келуі – Астананың А-классты жұлдыздардың гәстрөлдік картасына енуіне жол ашады. Бұл қадам қаланың мәдени әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге деген қабілеттілігін көрсетеді. Астанадағы концерттік бағдарламалардың желісі осылайша әлемдік деңгейдегі әртістерді тартуға мүмкіндік алып, мәдени туризмді дамытуға елеулі үлес қосатын болады. Дженнифер Лопес сынды әйгілі әртістердің қатысуы елге инвестициялық және туристік қызығушылықты арттырады деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл оқиға жергілікті музыканттар мен өнерпаздарға алдыңғы қатарлы әртістермен тәжірибе алмасуға және өнер саласындағы жаңа идеялармен танысуға мүмкіндік береді.
"Бұл концертке 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп болжап отырмыз. Қаланың экономикасына, HoReCa жүйесіне (қонақ үй, мейрамхана, кейтеринг) 6,5 млрд теңге және концерт өткізуден 400 млн теңгеден астам тікелей салық түсімі күтіледі", – деді ол.
Әлемдік жұлдыз өзінің Up All Night турнесінің басталғанын жария етті. Бұл турне 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғаспақ. Тур аясында 17 түрлі қалаға, соның ішінде Анталья, Ыстанбұл, Мадрид, Барселона, Будапешт, Варшава, Бухарест және Әбу-Даби сияқты қалаларға сапар шегеді. Бұл оқиға өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз.