Астана мен Алматыда адамның бет-әлпетін танитын бейнемониторинг жүйесі іске қосылды
"Ақылды" камералар теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақ үйлер, көшелер және сауда ойын-сауық орталықтарын бақылайды.Қазақстанның Астана және Алматы қалаларында ұлттық бейнемониторинг жүйесі іске қосылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Инновациялық жоба Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ынтымақтастығымен әзірленді.
Басылымның хабаралуынша, ұлттық бейнемониторинг жүйесі жасанды интеллект технологияларының қолданылуымен іздеудегі адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалдырылған заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты режимде тіркеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, компьютерлік бағдарлама көлікті маркасы, моделі және түсі бойынша сәйкестендіре алады.
"Ақылды" камералардың назарында теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақ үйлер, көшелер және сауда ойын-сауық орталықтары сияқты нысандар бар. Жүйе өз тиімділігін көрсетті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік туды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Алматы қаласының бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне 45 мың камера қосылды
Бейне-талдау жүйесінің көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталып ұсталды. Осыған ұқсас жұмыс Алматыда жүргізіліп жатыр. Онда осындай 30 адам анықталып құрықталды.
Алдағы уақытта камералар санын арттыру және бейнемониторингті кеңейту жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 1 млн 359 мың бейнекамера бар, оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары және полицияның кезекші бөлімдеріне шығарылған.