IT-стартаптар технопаркі мен MTS StartUp Hub инновация және инвестиция орталығы серіктестік туралы келісімшартқа қол қойды. Аталған келісімшарт негізінде елордада 5G орталығын ашу жоспарланып отыр. Келісім Digital Bridge-2021 халықаралық технологиялық форум шеңберінде жасалды.

5G орталығы 3D-модельдеу, виртуалды әлем, ғаламтор сынды жаңа технологияларды қолдана отырып IT-шешімдер табуға мүмкіндік береді.

"IT-бағдарламашылар үшін біліктілігін арттыра түсуге жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ал қолданушылар үшін қызметтер мен қосымшалар жылдамдығы мен қолайлығы артады. 2022 жылы MTS StartUp Hub-пен бірлесе отырып астанада 5G орталығын іске қосуды жоспарлап отырмыз", – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

MTS StartUp Hub пен Astana Hub AR, VR, XR-қызметтерін, ойын-сауық және медиа, өнеркәсіп салаларына қатысты шешімдер ұсынатын стартаптарды іздеуде. 5G орталығында жұмыс істегісі келетіндер astanahub.com сайтында өтінім қалдыра алады.

Үздік жобаларға грант беріліп, олар ірі компаниялармен серіктестік орнатады.