Әскер дәрігерлерінің жалақысы артады
Үкімет олардың табысын азаматтық медицина қызметкерлерінің жалақысымен теңестірмек.Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сенат депутаттарының сауалына берген жауабында әскер дəрігерлері мен азаматтық денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудегі теңсіздікті жою шаралары қолға алынғанын хабарлады. Атап айтқанда, әскер дәрігерлерінің еңбекақысын азаматтық медициналық мекемелер медициналық қызметкерлерінің жалақысы деңгейіне дейін арттыру көзделген.
Еске салайық, бұл мәселені 2022 жылдың желтоқсанында сенат депутаттары да, мәжіліс депутаттары да көтерген болатын.
"6-7 жыл еңбек өтілі бар әскери дәрігер барлық жәрдемақыларымен қосқанда 200 мың теңгедей ғана жалақы алады. Ал ол кәдімгі дәрігерге қарағанда екі есе аз", – деген еді сол кездегі мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Оқи отырыңыз:
- Әскерден келген жастар университетте тегін оқи алады. Ол үшін не білу керек?
- 2023 жылы Қазақстанда 1500 адам әскери жиындарға шақырылады
- Әскердегі сарбаздар кредиттік демалысты биылдан бастап ала алады
Сондай-ақ, үкімет басшысының жауабынан əскери қызметшілерге бастапқы жарнасыз ипотекалық кредит беру бағдарламасы əзірленіп жатқаны белгілі болды.
"Президент әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Үкімет тұрғын үй төлемін жүзеге асыру бойынша қолданыстағы тəсілдерді қайта қарайды. Арнайы құрылған жұмыс тобы тұрғын үй төлемін азайтуға бағытталған кешені шараларды әзірлейді", – делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.