Асхат Аймағамбетов: 80 бала оқитын мектеп пен 1 200 бала білім алатын мектеп директоры бірдей жалақы алады
Білім және ғылым министрлігі мектептің жобалық қуаттылығына байланысты лауазымдық жалақыны дифференциялауды енгізуді жоспарлап отыр.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бір ауданда орналасқан екі мектеп, бірдей бағдарлама бойынша жұмыс істейтін, бюджеті, мүмкіндіктері мен инфрақұрылымы да бірдей көрші тұрған қос білім ордасы екі бөлек нәтиже көрсететін жағдайлар кездеседі. Зерттеу нәтижелері мұндай айырмашылық көбіне мектеп басшысына байланысты екенін көрсеткен.
"Басшыларға еңбекақы төлеу жүйесінде бұрын-соңды ынталандырушы факторлар болған жоқ. Көшбасшының жалақысы оның тиімді немесе тиімсіз болуына байланыссыз бірдей болатын. Сонымен қатар мектепте 80 бала оқитын білім ордасының директоры мен 1200 бала білім алатын мектеп директоры бірдей жалақы алады", – деп жазды Білім министрі Facebook желісінде.
Министрлік аттестаттауды және жұмыс тиімділігі үшін қосымша ақы төлеу жүйесін енгізіп жатыр. Сондай-ақ, мектептің жобалық қуаттылығына байланысты лауазымдық жалақыны дифференциялауды енгізу жоспарланған.
"Алдағы уақытта да біз мектептерді ең мықты педагогтердің басқаруы үшін шаралар ұсынамыз. Мектеп директорларын іріктеу, тағайындау және оларды ротациялау жүйесі де маңызды болып табылады. Ұзақ талқылаудан кейін біз осы жүйеге енгізілетін елеулі өзгерістерді дайындадық", – деді Асхат Аймағамбетов.