Арқалықта 1500 домбырашы бір уақытта күй тартты
Шара ұлттық домбыра күні және Арқалықтың туған күніне орай өтті.Қостанай облысының Арқалық қаласында "Домбыраның күмбірі – бар қазақтың бірлігі" атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлады inbusiness.kz сайты.
Салтанатты шарада Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, шара қонағы, Қостанай облысының құрметті азаматы Амангелді Садырбеков және Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ ұлттық аспапты дәріптеу жолында ерен еңбегімен танылған арқалықтықтарға Қостанай облысының басшысы Құмар Ақсақаловтың алғыс хаты табыс етілді.
Шара қорытындысында мерекелік бағдарламаның өтуіне демеушілік жасаған меценат азаматтар, "Ең жас домбырашы", "Ең қарт домбырашы", "Домбырашылар әулеті" номинацияларының иегерлері мен "1500 домбыра" шарасының бас дирижеры Бораш Әбеновтер салтанатты түрде марапатталып, қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Ұлттық домбыра күні мен Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналып өткізілген "Домбыра – думан" атты аймақтық домбырашылар байқауының гала концерті көрермен назарына ұсынылды.