Ақжайықта "Бастаңғы" ұйымдастырған жастар көне дәстүрді жаңғыртты
Ауыл жастары "Бастаңғы" ойын-сауығын ұйымдастырып, көне салт-дәстүрді жаңғыртты. Ұлттық киім киіп, сән-салтанаты жарасқан қыз-бозбала құрылған 12 қанат ақшаңқан киіз үйлер жанында халқымыздың ұмыт қалған жөн-жоралғыларын көрсетіп, қазан-ошақ тікті. Үйге келген қонақтар бүгінде көбі біле бермейтін өрме тас, қарма, үлпершек, көмбе, сырбаз сынды ұлттық тағамдардан, қуырдақтан ауыз тиді. Далада құдды бір орын тепкен қазақ жайлауындай көрініс орнаған.
Жиналғандар мағыналы, өнегесі мол шараның куәсі болды. "Бастаңғыға" Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысты.
"Алдымен ой туындайды, сосын ол сіздердей елжанды, ұлтын сүйетін жастардың арқасында жүзеге асып, керемет бастамаға айналады. Міне, мен де бүгін осындай жарқын істің куәсі болдым. Бүгін ұлықталған салт-дәстүрлердің бәрі әр жасқа насихатталуы керек. Ол үшін үлкен ұйымдастыру жұмысы басталады. Сіздердің бастамаларыңызды әрі қарай Youtube-те, телеарнада арнайы жоба етіп, іліп әкетсек, нұр үстіне нұр. Ақжайық ауданының қыз-жігіттерінің идеясынан осындай үлкен жұмыс бастау алды десек, өздеріңіздің мерейіңіз өседі", – деді "Бастаңғы" кешінде сөз алған аймақ басшысының орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Бұрын ұмыт қалған жөн-жоралғылар мен салт-дәстүрлерді қариялар көрсетіп, насихаттап отырса, бүгінгі кеште жастардың өзі игі бастамаған мұрындық болған.
"Ата-бабадан мұра болып қалған мұндай салт-дәстүрлерді тек Ұлыстың күні әз наурыз мейрамында ғана еске түсіріп қоймай, ұрпақ жадында сақталу үшін жиі айтып, көрсетіп, насихаттаған жөн. Біздің мақсатымыз – салт-дәстүрімізді жаңғырту", – деді "Бастаңғыға" қатысқан Лаура Құбашева.
Көкпар тартып, жас келіншектер жұбайларынан сұранып "Абысын асына" жиналса, ауылдан көшкен ағайын көршілеріне "Ажырасу көжесінен" дәм татқызды. "Деңгене" дәметкен жігіттер бақуатты ағаларға барып, қыз-келіншектер киіз басты. "Қой басты", "Майлансын" деген ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер көрсетілді. Садақ ату, теңге ілу, асық ату сынды ұлттық ойындармен қатар, ұршық иіріліп, бұқа тартысты.
Әлеуметтік саладағы жастар саясатының оң жетістіктерін, оларға деген ризашылығын жеткізген облыс әкімінің орынбасары жаңа бастаманы жалғастыру қажетін тілге тиек етті. Бақытжан Хаберұлы Ақжайықтық белсенді жастарға алғыс хаттар табыстап, өткізілген іс-шараға жоғары бағасын берді.