Ақтөбеде жасыл желекті суарып, көктем мен күзде қала көшелерін жаңбыр суынан тазартумен айналысатын серіктестіктің алпысқа жуық жүргізушісі әкімдіктің алдына жиналды. Олар бір айдан бері жалақы алмай, соның салдарынан балаларын мектепке дайындай алмай отырғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қаладағы "Нұрлы таң" серіктестігінің жүргізушілері мәселесін айтып бармаған жері қалмағанын айтуда. Су таситын көліктің бір топ жүргізушісі әкімдіктен бұл мәселені шешіп беруді талап етті. Айтуларынша, мекеме басшылығы кінәні қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне артса, ондағылар кінәні қалалық әкімдікке артады.

"Жалақымызды қашан береді? Кім береді? Анда барсақ әкімдікті, мында барсақ қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімін кінәлайды. Енді қайда барамыз? 50-100 көлік түнімен жол бойын суарады. Жаңбыр жауса – суын сорып, тазалайды. Бірінші қыркүйек жақындады. Бала-шағаға киім алу керек. Оны ешкім ойламайды", – деді жұмысшы Әмірбаев.

Жүргізушілер жеке көліктерімен кешкі сағат 19:00-ден таңғы сағат 07:00-ге дейін қаладағы көгалдарды суарады. Еңбекақы жұмыс істеген сағатқа байланысты 700 мыңнан бастап, 1,5 миллион теңге аралығында төленеді. Жұмысшылардың айтуынша, жалақының жартысы көлік құралын жөндеуге және жанармайға жұмсалады. Газ бен жанармайды өздері сатып алады. Жанармайға айына кем дегенде 300 мың теңге жұмсалады. Бұдан бөлек су соратын құрылғылар мен мотопомпа, моторды да сатып алу осы жалақының ішіне кіреді.


Оқи отырыңыз: Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған грант: өтінім қабылдау 11 қыркүйекте басталады


"Бәрінің мектепке баратын бала-шағасы бар. Бәріне ақша керек. Жігіттердің бәрі осыған қарап отыр. Менің төрт балам бар. Төртеуі де мектепке барады", – деді жұмысшы Жеңіс Исмурзаев.

Жүргізушілердің жанайқайын тыңдаған қала әкімінің орынбасары мәселені жуық арада шешетінін айтты.

"Жұмысшыларға қарыз шамамен 30-40 миллион теңгенің төңірегінде болып тұр. Мердігер мекеме басшысы іссапардан келе жатыр. Енді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде кездесіп, мәселені нақтылап, шешіп беруге тырысамыз", – деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова.


Оқи отырыңыз: Өскеменде зауыт жұмысшылары жыл басынан бері жалақысын ала алмай келе жатқанын айтты.