Ақтөбе облысында 20 тонна мектеп дәптерін қасақана өртеп жіберген азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Тауар тиелген жүк көлігіне жанармай шашып, от қойған айыпталушы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Оның кінәсі сотта толық дәлелденген.

Еске сала кетейік, бұл оқиға биыл жаз айында болған. Жүк көлігінің жүргізушісі Ресейден оқушыларға арналған дәптерді Ақтөбедегі дүкендердің біріне әкеле жатқан.

Айыптау актісіне сәйкес, ол орта жолда Мәртөк ауылына тоқтап, танысының үйіне аялдайды. Сол кезде жергілікті тұрғынмен сөзге келіп, жанжалдасады. Ішімдік ішкен азамат жүк көлігіне бензин шашып, өртеп жібереді.

Полиция қызметкерлері күдіктіні екі айдан кейін тапқан болатын. Оған өзгенің мүлкін қасақана жойды деген баппен іс қозғалған еді.

Бірақ сотталушы сол күйі кінәсін мойындаған жоқ.