Ақтауда алғаш рет шахматтан мектеп командалары арасында әлем чемпионаты өтеді
Турнирге 50 елден 300-ге жуық ойыншы қатысады.3-8 тамыз аралығында Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағасында әлемде тұңғыш рет World Schools Team Championship өтеді. Чемпионаттың ерекшелігі – оған шахмат үйірмелері мен секцияларының тәрбиеленушілері емес, шахматты жақсы көретін қарапайым әуесқой мектеп оқушылары қатысады.
Чемпионатты халықаралық және Қазақстан шахмат федерациялары ұйымдастырады. Ол екі санат бойынша өтеді: 12 жасқа дейінгі және 18 жасқа дейінгі. 50 елден 300-ге жуық қатысушы келеді деп күтіледі. Тіпті, Перу, Мадагаскар, Сан-Томе және Принсипи секілді алыс елдердің өкілдері де қатысады. Чемпионатта Қазақстанның намысын 6 қаладан 10 мектеп қорғайды:
- IT мектеп-лицейі, Ақтау;
- Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі, Ақтау;
- М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі, Алматы;
- Республикалық физика-математика мектебі, Алматы;
- Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Алматы;
- №72 мектеп-лицейі, Астана;
- Республикалық физика-математика мектебі, Астана;
- Атырау облыстық "Білім-Инновация" лицей-интернаты, Атырау;
- Дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебі, Павлодар;
- О.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейі, Шымкент;
Оқи отырыңыз: Шахматтан әлем чемпиондарына өмір бойы қаржылай көмек берілмек
Командалардың дайындығы үшін Қазақстан шахмат федерациясы чемпионат қарсаңында Бурабайда оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырады. Турнирдің негізгі ресми бөлімінен басқа, қонақтар үшін экскурсиялық және ойын-сауық бағдарламасы дайындалды.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 4 тамызда сағат 11.00-де Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйінде, ал турнирдің өзі Halyk Arena спорт сарайында өтеді. Чемпионаттың ресми сайты – wstcc2023.fide.com.