Ақтауда орын алған апаттық жағдайға байланысты облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылды. Зардап шеккендерге қажетті жағдай жасалуда. Дәрі-дәрмек жеткілікті, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы 30 хирургиялық және травматологиялық төсекті, сондай-ақ 10 реанимациялық төсекті дайындады. Облыстық балалар ауруханасы 20 төсекті және 10 реанимациялық төсекті әзірледі. Бұдан бөлек, жеке клиникаларда қосымша төсектер дайын. 

Барлығы 60 хирургиялық, травматологиялық және соматикалық төсек және 26 реанимациялық төсек дайындалды. 

Жалпы 29 адам зардап шеккен. Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына 27 адам жеткізілді. Қабылдау бөлімінде сұрыптау жүргізілуде. 27 зардап шеккендердің 11-і ауыр жағдайда, олар реанимацияға жатқызылды. Ал екі бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. 

Оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы 4 адамның қайтыс болғанын растады. Қалған жолаушылар бойынша апат орнында іздестіру жұмыстары жалғасуда.


Оқи отырыңыз: Ақтау маңында болған ұшақ апатының себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды