АҚШ елшісі Қазақстан үшін визасыз режим енгізу мәселесіне пандемиядан кейін қайта оралуға болатынын айтты
Уильям Мозер, сондай-ақ, Қазақстан азаматтары АҚШ-қа визасыз кіре алуы үшін белгілі бір шарттарды орындауы тиіс екенін еске салды.АҚШ пандемиядан кейін Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізу мәселесіне қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер мәлімдеді.
"Визасыз режим – жақсы мәселе, алайда бұған дейін атап өткенімдей, оны талқылауға әлі ерте. Қазір пандемияның ықпалына байланысты бұл мәселені көтере алмаймыз. Бірақ, жағдай тұрақталған соң, бұл сауалға оралуымыз мүмкін", – деді Мозер.
Сондай-ақ, ол Қазақстан азаматтары АҚШ-қа визасыз кіре алуы үшін белгілі бір шарттардың орындалуы тиіс екенін атап өтті.
"Қазақстан белгілі бір шарттарды орындауы керек. Техникалық мәселелер бар болғандықтан, барлығы жылдам жүзеге асады деп уәде бере алмаймын", – дейді Мозер.
Әрі қарай Америка елшісі қазіргі таңда Қазақстанның әрбір азаматының визаға қол жеткізе алуын үлкен жетістік деп бағалады. Мұнымен қатар, ол АҚШ-тың әуені ашу үшін тиісті құжаттар күтіп отырғанына тоқталды.
"Ашық аспанға қатысты келіссөздер жүргізуді бастағымыз келіп отыр. Оны жүзеге асыру дегенді қалай түсінеміз? Бұл – Қазақстан әуе жолының қауіпсіздігі, виза мен көші-қон және америкалық әуе желісі туралы келіссөздер. Олардың болашақта қалай жұмыс істейтіні талқыланады. Біз мемлекеттеріміздің арасындағы адами және коммерциялық байланыстарды нығайта түскіміз келеді", – деп қорытты сөзін елші.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдаған болатын. Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісімге 2020 жылдың басында қол қойылды.