Алты жылға сотталған Қайрат Сатыбалдының үкімі өзгеріп, жазасы жеңілдетілді
Ол жалпы сомасы 700 млрд теңгеден астам мүлікті және өзге де қаражатты өз еркімен мемлекетке қайтарған.Келтірілген залалдың толық өтегені үшін Қайрат Сатыбалдыға қатысты үкім өзгертілді, деп хабарлайды Өскемен қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.
"Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуға тиіс. Халқымызда сөз бар, "жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды" деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша мен органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін. Бұл – Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң, ендігі жерде ешкім елдің ырысын сыртқа шығармайды. Мемлекетімізде соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп-біліп отырмын. Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге жұмыс істеуіміз керек", – деді Қайрат Сатыбалды.
Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясатын толықтай қолдайтынын айтты.
"Заңсыз капиталдың бәрі – тиынына дейін елге қайтарылып, заң мен тәртіп болуға тиіс. Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын. Осыған дейін барлық істеген іс-әрекеттерімді саралауға, ой қорытуға уақыт жеткілікті болды. Жіберген қателігімді және кінәмді толықтай мойындай отырып, істеген ісіме өкінемін. Тергеу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Заңсыз жолмен иемденген активтерді толықтай қайтару қажет болды. Оның барлығы қайтарылып та жатыр. Мемлекет басшысының заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісі бойынша жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдаймын. Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын. Ағаттық істеп, ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын", – деп сөзін түйіндеді ол.
Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қарады.
Сот үкімімен Қайрат Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Сотталған өзінің өтінішхатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын беру үшін заңның барлық талаптарын орындағанын атап көрсеткен.
Қылмыстық Кодекстің 73-бабы ауырлығы орташа қылмыстар немесе ауыр қылмыстар үшін сотталған адамды жазаның өтелмеген бөлігінің қалған бөлігін мынадай жағдайларда неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру мүмкіндігін көздейді:
- жаза мерзімінің кемінде 1/3 бөлігін өтегеннен кейін;
- келтірілген залал толық өтелген жағдайда;
- не жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзушылықтардың болмауы.
"Сатыбалды орташа ауыр қылмыс және ауыр қылмыс жасаған. Ол жазаның 1/3 бөлігінен астамын өтеген. Түзеу мекемесінің әкімшілігі сотталғанды оң сипаттайды, тәрбие іс-шараларына белсенді қатысқаны үшін көтермелегенін, сотталғандарды ерікті түрде ұйымында тұрғанын көрсетті. Қылмыспен келтірілген залал толығымен өтелген. Сот үкімімен өндіріп алынған сомалар (іс жүргізу шығындары, мәжбүрлі төлем) төленген", – делінген сот хабарламасында.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот сотталушының өтінішхатын қанағаттандырды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырды.
"Сатыбалдыға пробациялық бақылау белгіленді. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда сотталған жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады", – делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысымен оған мынадай міндеттер жүктелген:
- Соттың қаулысы тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне заңды күшіне енген күннен бастап 10 күн ішінде есепке қою үшін келу;
- сотталған адамның (пробация қызметінің) мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау;
- басқа да міндеттерді орындау.
Бұл сотталғанды түзеуге және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал етеді. Міндеттерін орындамаған жағдайда бас бостандығын шектеу, бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығынан айырумен ауыстырылатыны түсіндірілді.