Білім сапасы бойынша 5 облыстың көрсеткіші республикалық деңгейден төмен. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте баяндады.

"Халықаралық зерттеулердің нәтижесі Қазақстандағы білім сапасы ЭЫДҰ елдеріндегі орташа деңгейден қалыс қалып отырғанын көрсетті. Әлі де ауылдағы және қаладағы білім сапасында айырмашылық бар. Білім сапасы бойынша Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстары республикалық деңгейден төмен", – деді Алтай Көлгінов.

Премьер-министрдің айтуынша, жаңа мектеп салу қарқыны демография мен халықтың көші-қонының соңынан үлесе алмай келеді. Әсіресе, үлкен қалаларда. Қазір мектептерде 268 мың оқушы орны жетіспейді. Үш ауысымды – 143 мектеп, апатты жағдайда – 52, ағаштан және саманнан салынған 300-ден астам мектеп бар. 4 мыңға жуық педагог мамандарға тапшылық бар. 


Оқи отырыңыз: Смайылов: 2023 жыл соңына дейін 143 мың отбасы баспаналы болады


Сонымен қатар Алтай Көлгінов елдегі мектептерде интернет жылдамдығы көңіл көншітпейтінін жеткізді.

"3 мыңға жуық мектептерде интернет жылдамдығы секундына 4 мегабитті құрайды. Ол жоқтың қасы. Стандарт бойынша секуундына 20 мегабит болуы керек", – деді баяндамашы.

Алтай Көлгінов осы проблемаларды шешу үшін тиісті тұжырымдама қабылданып, ұлттық жоба жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

"2026 жылға дейін екі ауысымда 1,5 млн орынға арналған мектеп салу қарастырылған. Оның жартысынан көбі "Жайлы мектеп" жобасы аясында. Бұл мәселе толық шешіледі. Сондықтан әкімдерге мектептерді тек бюджет қаражатынан емес, мемлекетттік-жекеменшік әріптестік, инвесторлар есебінен және басқа да көздерден салу қажет деп есептейміз", – деді Алтай Көлгінов.