Алмаз Шарман: "Омикрон" штамы "Дельтаға" қарағанда 80% жеңіл өтеді
Маманның айтуынша, "Омикрон" пандемиясы асқан жұқпалылығымен ерекшеленеді.Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман үшінші бустерлік доза ретінде Pfizer BioNTech екпесін салдырудың маңызды екенін айтты. Мұнымен қатар, ол "Омикрон" штамының ерекшеліктеріне тоқталды.
"Омикрон" ықпалымен болып жатқан пандемия асқан жұқпалылығымен ерекшеленеді. АҚШ, Ұлыбритания және Франциядағы жағдай бұған дәлел. Екінші ерекшелігі – оның алдында иммундық қорғаныс қабатының айтарлықтай әлсіз екені. Ауырғаннан кейін немесе екпе салдырған соң пайда болған иммунитет оған қарсы тұра алмауы мүмкін. Үшіншіден, оны адам коронавирустың басқа нұсқасына қарағанда жеңіл өткереді. Аса агрессивті емес, ауру белгілері де қатты байқалмайды. Оңтүстік Африкада жүргізілген зерттеулер оның "Дельта" штамға қарағанда 80% жеңіл өтетінін көрсетті. Осыған сәйкес, өлім-жітім саны аз болатын шығар деп болжап отырмын. Оны кей маман, расымен де, маусымдық тұмаумен пара-пар көруде", – деді Алмаз Шарман.
Сондай-ақ, ол қазіргі сәтте ең маңыздысы дұрыс диагностика жасау екенін айтты. Яғни "Омикрон" белгілерін қарапайым тұмаумен шатастырып алмау.
"Бұдан өзге диагностиканы дәл жасау қариялар, созылмалы ауруы бар азаматтар секілді әлсіз топты қорғау үшін маңызды. Өйткені, олардың арасында өлім-жітім саны көп болуы мүмкін", – деп қосты профилактикалық медицина академиясының президенті.
Мұнымен қатар, Алмаз Шарман бустерлік вакцинаның маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, қазір "Омикрон" алдында екпелердің де әсерлілігі төмендеп барады.
"Бүгін Англияның The New England Journal of Medicine журналында коронавирусқа қатысты жаңа мақала шықты. Онда үшінші бустерлік доза ретінде Pfizer BioNTech салдырса, иммундық қорғаныстың қайта қалыпқа келетіні туралы жазылған", – деді Алмаз Шарман.
Еске салсақ, Қазақстаннан барған Тайвань спортшыларынан "Омикрон" штамының анықталғаны туралы хабарлаған едік. Құрама мүшелерінен коронавирусты қайда жұқтырған болуы мүмкін екені сұралады.