Алматылық оқушылар "Жасыл мектеп" жылыжайларында көкөніс егіп, оны өздері тұтынады
Жоба жемісін берсе, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де іске асырылады. Жалпы, жылыжай санын 56-ға жеткізу жоспарланған.Биылғы оқу жылында тәлімгерлер биология бойынша тәжірибелік және факультативтік сабақтарын жылыжайда өткізеді. Алматыда пилоттық негізде басталған "Жасыл мектеп" жобасы аясында оқушылар жылыжайда көкөніс егіп, оны өздері тұтына алады. Жылыжайлардың бірінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев та болып, қияр тұқымын екті, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Жасыл мектеп" жобасының мақсаты – балаларды экомәдениет пен қоршаған ортаны қорғауға баулу. Ол табиғатты аялауға, тәжірибелік сабақты көбейтіп, мектеп бағдарламасын түрлендіруге бағытталған. Болат Өтемұратов қоры өкілдерінің айтуынша, жылыжайларды4 10 жылға дейін үзіліссіз жұмыс істейтін мүмкіндігі бар.
"Біз мектеп жанында ашылған жылыжайға өте қатты қуандық. Себебі, көптеген жеміс пен көкөністі енді өзіміз өсіре аламыз. Бұл жерде қалаған адам өз еркімен жұмыс істейді. Мұны тіпті біздің хоббиіміз деуге де болады", – деді Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейінің оқушысы Сағынай Нұрәжі.
Жылыжайда жыл мезгіліне қарамастан тұқым егіп, өсіруге болады. Мұнда смарт терезелер орнатылған. Іштегі ауа температурасына байланысты ол өздігінен ашылып жабылады. Жылыжай өнімдерін алдағы уақытта мектепаралық жәрмеңке ұйымдастырып, сонда шығару жоспарланған.
"Оқушылардың жылыжайға келіп, практикалық білім алуына болады. Өсімдік егіп, оны баптауды жақсы көретін жандар үшін бұл – тамаша тәжірибе. Сондықтан әзірге пилоттық режимде Алматы мектептеріне орнаттық", – деді Болат Өтемұратов қорының бағдарламалық менеджері Абай Нұрмұханов.
Жылыжайлар өз тиімділігін көрсетсе, Алматыдан бөлек Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында да салынады. Жалпы, Болат Өтемұратов қоры жылыжай санын 56-ға жеткізбек.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: