Алматыда "Orda ертегілері" кітабы оқырманға жол тартты
Кітап OrdaGen әлеуметтік-танымдық жобасы аясында жарыққа шықты.Алматыдағы ұлттық кітапханада OrdaGen әлеуметтік-танымдық жобасының Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған "Orda ертегілері" кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға OrdaGen жобасының негізін қалаушы, идея авторы Айбек Қуатбай, жоба директоры Парасат Танен, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Айдарұлы, Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Ауесханқызы, республикалық "Ақжелкен" журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, белгілі журналист, Ұлттық кеңес мүшесі Асхат Садырбай, "Ұлан" газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова қатысты.
OrdaGen жобасының мақсаты – ұлттық және адамзатқа ортақ биік құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, аңыздар мен ертегілер арқылы болашақ ұрпақтың санасына сіңіру.
Бүгінге дейін аталмыш жоба аясында мыңға жуық заманауи ертегі жазылып, әр ертегінің аудионұсқасы дайындалды. Үш түрлі тақырыпта қысқаметрлі мультфильм түсіріліп, OrdaGen мобильді қосымшасы бүлдіршіндерге тегін пайдалануға берілген.
"Біз бұл кітаппен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта бүлдіршіндерге Ордагеннің танымдық жаңа дүниелерін ұсынамыз. OrdaGen – 30 жасқа аяқ басқан азаматтардың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасаған сыйлығы", – деді OrdaGen жобасының директоры Парасат Тәнен өз сөзінде.
Жаңа оқу жылының қарсаңында OrdaGen компаниясының қолдауымен Елтану экспедициясы өз сапарын бастаған. Экспедиция мақсаты – Қазақстанның әр өңірін, шалғайдағы ауыл-аймақтарды аралап, кітапсүйер балаларға сый үлестіру, бала болашағына азық болар танымдық, рухани тренинг өткізу. Бұл сапарға OrdaGen жобасының да қосқан үлесі зор. Экспедиция мүшелері талантты ұл-қыздарға ертегі кітаптары мен Daryn.Online республикалық білім беру платформасының дайындық курстарын сыйға тартты. Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған сапар бүгінге дейін Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы ауыл-аймақтарды аралап үлгерді.
"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылды "Балалар әдебиеті" жылы деп жариялауы бала тәрбиесіне аса зор көңіл бөлуіміз керек екенін көрсетті. Президент жарлығын негізге ала отырып, Bugin холдинг қолдауымен Orda Joly білім экспедициясы өз сапарын бастады. Мақсатымыз – Қазақстанның әр өңірін аралап, көзінде шырағы бар өрендерді қолдау", – деді Ordagen жобасының негізін қалаушы Айбек Қуатбай.