Алматыда балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында "Үміт кубогы" баскетбол чемпионаты басталды
Турнирге барлығы 290-ға жуық тәрбиеленуші қатысып жатыр.Алматыда баскетболдан "Үміт кубогы" чемпионаты басталды. Жарысқа 16 аймақтың қарамағындағы балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының 24 командасы келді. Турнирге барлығы 290-ға жуық тәрбиеленуші қатысып жатыр.
Турнирдің негізі – Halyk Bank қаржыландыруымен өткен "Халық Лигасы" жобасы. Бірнеше ай бойы қатысушылар үздік жаттықтырушылардан баскетбол ойынын үйренсе, өз кезегінде банк ойыншыларды толықтай киім-кешек, доптар және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
"Халық Лигасы" жобасына қатысу көптеген балаларды спорттық жетістіктерге, әсіресе баскетболға деген ынтасын арттырғаны бізді қуантады. Жоба іске асқан 17 жыл ішінде біз арқылы балалар үйлерінің 3500-ден астам тәрбиеленушісі өтті. Олардың көпшілігі кәсіби спортшылар, жаттықтырушыларға айналды, кейбірі өз қалаларының кәсіпқой командаларына кіріп, республикалық турнирлерге қатысты. Елу түлек спорт шеберлігіне кандидат дәрежесін, үшеуі – спорт шебері дәрежесін алды", – деп түсіндірді Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары және "Халық Лигасы" жобасының кураторы Ольга Вурос.
"Халық Лигасы" жобасы балаларға тек спорттық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар өмірлік жолын табуға, танымал болуға және болашақ мамандықтарын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл жоба жақсы оқуға және спортпен шұғылдануға күшті ынталандыру болып, құрдастарымен кездесуге және халықаралық дәрежедегі жаттықтырушылар мен төрешілер алдында өз жетістіктерін көрсетуге керемет мүмкіндік береді.
"Федерация үшін бұл жай ғана спорттық жоба емес, ең алдымен әлеуметтік үлес. Турнирге қатысқан көптеген тәрбиеленушілер кәсіби спортшы бола алатынын дәлелдей алды. Бұл жоба балаларды баскетболға үйретіп қана қоймай, оларға өзін көрсетуге және табысты мансап құруға мүмкіндік беріп, тұлға ретінде қалыптастырады", – деп атап өтті Қазақстан баскетбол федерациясының бас хатшысы Алмаз Ұзақов.
Алматыда өтіп жатқан турнирдің соңғы кезеңіне 300-ден астам қатысушы жиналды. Ойындар жобаның барлық қатысушыларын сыйғызу үшін екі спорт залында өтуде. Бірнеше күн ішінде Қазақстанның 16 аймағынан келген 24 команда елдің ең мықты командасын анықтайды. Ерекше атап өтерлік жайт, турнирге қатысушылар санының өсуі: биыл 24 команданың 8-і – әйелдер командасы.
Атырау, Талдықорған, Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы, Петропавл, Павлодар, Семей, Ақкөл, Екібастұз, Қарағанды, Алматы, Рудный, Қызылорда, Шымкент, Орал және Тараздың балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері жобаға қатысады.
"Халық Лигасына" қатысушылар саны жыл сайын артып келеді, бұл ұйымдастырушыларды ерекше қуантатынын атап өткеніміз жөн.