Алматыда интернет-алаяқтар тобы ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет алаяқтары коммуналдық қызмет, құқық қорғау органдары, ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер және "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкерлерінің атын жамылған. Онлайн алаяқтардың кезекті құрбаны 61 жастағы Алматы тұрғыны болды.

"Алдымен олар коммуналдық кәсіпорындардың бірінің атынан телефон соғып, есептегіш құралын ауыстырамыз деген сылтаумен одан SMS-код беруін сұраған. Әрі қарай қылмыстық әрекет карапайым сценарий бойынша өрбіген: ер адамға оның атына кредит алуға әрекет жасалғаны туралы хабарланып, барлық жинақ ақшасын "қауіпсіз шотқа" аударуды сұраған. Салдарынан жәбірленуші қылмыскерлерге 500 мың теңгеден 11 рет жіберген. Жедел және арнайы іс-шаралар барысында күдіктілер анықталып, ұсталды", – деді Әуезов ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Төлеу Мархамедов.

Полиция мәліметінше, кеше кешке олар өздері кеңсе деп атайтын жерде ұсталды. 19 бен 29 жас аралығындағы алты ер адам қамуға алынды. 

Тінту кезінде полицейлер ұялы телефондарды, сим-карталарды, ноутбуктерді, банк карталарын, ақшаны және банкноттарды санау құрылғысын тәркіледі.