"Асыл Мирас" аутизм орталықтары желісі Алматыдағы қызметін кеңейтуде
"Асыл Мирас" аутизм орталықтар желісі бүгінде Қазақстанның 9 қаласында сәтті жұмыс істеп жатыр."Асыл Мирас" аутизм орталығының жаңа ғимараты Қонаев көш., 122 мекенжайы бойынша орналасқан. Орталықтың аумағын ұлғайту арқасында жылына 300-ге жуық отбасы бейімделу бағдарламасымен қамтылады. Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа орталықты аралап, мамандардың жұмысымен танысты.
Бақытжан Сағынтаев Болат Өтемұратов қорының қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге қосқан үлесін атап өтті.
"Асыл Мирас" аутизм орталықтарының желісі аутизмі бар балалармен жүргізілетін түзету жұмыстарының эталоны бола отырып, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Орталықтың жаңа ғимаратқа көшуі мекеме мамандарына одан да көп балаға көмек көрсетуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті әкім.
Алматы қаласындағы "Асыл Мирас" 2015 жылы Болат Өтемұратов қоры ашқан алғашқы аутизм орталығы болды. Соңғы 7 жылда 2,8 мыңға жуық балада АСБ белгілері анықталды, 1,5 мыңға жуық балаға білікті көмек көрсетілді.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Аутизммен ауыратын балалар саны тез өсіп келеді, арнайы орталықтар ашу қажет
Орталық алты интервенция бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, олардың әрқайсысы әлеуметтік, сөйлеу және күнделікті дағдылардағы кемшіліктерді анықтауға және жоюға бағытталған. Балаларға ынтымақтастық дағдыларын, сөйлеуді түсіну, визуалды дағдыларын және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін студиялық пәтердің кішірек нұсқасы болып табылатын өмірлік дағдыларды дамыту бөлмесі жабдықталған. Сондай-ақ ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 30 орынға арналған конференц-зал бар. Орталықта барлық қызмет тегін көрсетіледі.
"Орталық құрылған алғашқы күннен бастап біздің бағдарламаға қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Қала әкімдігі ұсынған жаңа ғимарат жыл сайын бейімдеу бағдарламаларымен АСБ бар балаларды тәрбиелеп отырған 300-ге жуық отбасын қамтитын болады. Мұнда біздің мамандар АСБ анықтауда көмектеседі және егер балада ауытқушылықтың болуы анықталса, оны жетіспейтін өмірлік дағдыларды дамыту бойынша тиісті бағдарламаға тіркейді", – деді Болат Өтемұратов қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы, доктор Алмаз Шарман.
Болат Өтемұратовтың бастамасымен ашылған "Асыл Мирас" аутизм орталықтар желісі бүгінде Қазақстанның 9 қаласында сәтті жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта Тараз және Қарағанды қалаларында тағы екі орталық ашылады.
Меценаттың қайырымдылық қорының негізін қалаушы және Қазақстан теннис федерациясының президенті ретіндегі қоғамдық қызметінің маңыздылығы мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Болат Өтемұратов ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.