Алматыда 6 мың ағаш санитарлық мақсатта кесіліп жатыр
Апатты ағаштарды санитарлық мақсатта кесу – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі, бұл мәселе Алматы қаласы әкімдігінің ерекше бақылауында.
Бүгінде осы бағыт бойынша жұмыстар қаланың барлық ауданында жүргізілді. Алатау ауданында 500, Әуезов ауданында 700, Алмалы ауданында 900, Бостандық ауданында 900, Медеу ауданында 100, Жетісу ауданында 300, Наурызбай ауданында 400 және Түрксіб ауданында 1400 ағаш санитарлық мақсатта кесілді. "Алматы жазы" науқаны аясында 5 200 ағаш санитарлық мақсатта кесілді.
Ағашты санитарлық мақсатта кесудің уақытылы жүргізілмеуі адамның денсаулығына және мүлікке зиян келтіруі мүмкін. Осыған байланысты ауру және қураған ағаштардың басын санитарлық және пішіндеп кесу жұмыстарын күшейту дауыл, қатты жел мен нөсер кезінде бұтақтардың құлау мүмкіндігін азайтады.
Алматы қаласының жасыл желегін күтіп-ұстау және қорғау ережесіне сәйкес, ағаштың пішініне, олардың жасына қарай өзгеретіне, кесуге төзімділік сынды өсімдіктердің түрлік және биологиялық ерекшелігін ескере отырып, барлық норма сақталып санитарлық мақсатта кесіледі. Санитарлық кесуден кейін ағаштың кесілген жері арнайы жасалған құралдармен өңделеді.
Науқан өткізу барысында қауіпті еңісте өскен ауру және қураған ағаштарды кесу көзделген. Оның орнына 10 есе көп мөлшерде көшет отырғызылады.
Естеріңізге сала кетейік, "Алматы жазы" науқаны биыл 6 шілдеде аяқталады. Бұл іс-шара мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылатын және елді мекендердің аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға, сондай-ақ халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында өтіп жатыр.