"Алматы жастары" бағдарламасы аясында берілетін несие саны артады
Алайда бір несиенің шекті мөлшері бұрынғы қалпында (18 миллион теңге) қалады.2023 жылы "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінетін қаржы да, берілетін несие саны да артады. Бұл туралы Алматы қаласы "Отбасы банк" АҚ филиалының директоры Данагүл Түсіпова Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
"Жергілікті әкімшіліктің қаржыландыруы арқылы жыл сайын жүргізілетін жастарға арналған "Алматы жастары" бағдарламасы бүгінгі таңда барлық өңірде бастама алып жатыр. Жақсы жаңалық – "Алматы жастары" бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Қала әкімдігі мен Отбасы банкінен 20 миллиард теңге бөлініп отыр. Осы соманың аясында 1100 жас маманға жеңілдетілген несие беріледі. Бағдарламаның басталуы мен шарттары туралы ақпаратты қосымша хабарлаймыз. Бүгінгі таңда келісімшарт жасалынып, өтінім қабылдайтын сайт әзірленіп жатыр", – деді Данагүл Түсіпова.
Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?
"Алматы жастары" бағдарламасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Бүгінде бағдарлама бойынша 35 жасқа дейінгі нақты бір салада жұмыс істейтін жастарға несие беріледі. Былтыр бағдарламаға білім беру, денсаулық сақтау, БАҚ, құқық қорғау органдары, мәдениет, спорт, ЖОО мен ҒЗИ, әлеуметтік сала мамандары қатысса, биыл қызмет салаларына өзгерістер енгізіледі деп жоспарланып отыр.
"Бағдарламаға қатысатын былтырғы сала қызметкерлері биыл тізімге кіреді деп ойлаймыз. Биыл білім беру мен денсаулық сақтау салалары бойынша лимит ұлғайған соң несие берілетін адам саны да артты. Бағдарлама шарттарына келсек, бастапқы жарна – 10 пайыз, мөлшерлеме – 5 пайыз, несиелеу сомасы былтырғыдай 18 миллион теңге болуы мүмкін", – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Алматы филиалының директоры.
Еске салайық, 2022 жылы "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы аясында мың адамға ипотекалық несие беру үшін 18 млрд теңге бөлінген болатын.