Алматы облысы Қызылту ауылында оқушылар сабақты акт залында оқуға мәжбүр, деп хабарлады AstanaTV арнасы.

Ауылдағы 788 орынға арналған мектепте 2 мыңға жуық бала білім алып жатыр. Оған көрші ауылда тұратын оқушылар да қатынап оқиды. Алайда оқушыларды тасымалдайтын арнайы автобус жоқ.

Ауыл тұрғыны Тоғжан Мұқашқызының айтуынша, қаламен екі ортаға автобус сирек қатынайды және олардың өзі кейде оқушыларға тоқтамай кетіп қалады.

"Автобустардың кейбірі балаларға тоқтамай кетіп қалады. Қазір тіпті сирек жүретін болып кетті. Аралары өте ұзақ. Қаншама бала бар. Оқушылар әр жақтан осы мектепке келіп оқиды", – дейді ол.

Мектеп әкімшілігі оқушылардың акт залында оқуына сынып кабинеттерінің тапшылығы себеп болып отырғанын айтады. Соған байланысты кейбір пәндер онлайн форматта өтеді. Себебі, көрші ауылдағы мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, ондағы 600 оқушы қазір Қызылту ауылындағы мектепке уақытша ауыстырылған. Ал жөндеу жұмыстары қашан аяқталатыны белгісіз.


Оқи отырыңыз:


Ал жергілікті әкімдік мамандары 2023 жылы ауылда жаңа мектептің құрылысы басталатынын айтты. Автобус мәселесі екінші тоқсанда шешілуге тиіс.

"Мектеп үшін 2х42 жер учаскесі дайындалып, жобалық сметалық құжаттама сараптамасынан өтті. Барлығы дайын. 600 орындық мектеп салынады. Ал автобус мәселесіне келсек, 19 қазан күні конкур бойынша порталға өтініш берілді", – деді Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Сәуле Мықтыбаева.