Алматы облысында өзіне сеніп тапсырылған 64 қой және 12 жылқыны ысырап етіп, оған қоса жоқ малды "баққаны" үшін мал иелерінен тағы төлем алып отырған, деп хабарлады Polisia.kz

Ескелді ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғындардан Текелі қаласының 33 жастағы тұрғыны сеніп тапсырылған 64 қой және 12 жылқыны ысырап еткені туралы хабарлама түскен.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ескелді ауданының полиция қызметкерлері 33 жастағы күдіктінің тұрған жерін анықтап, оны полицияға жеткізді. Аталған азамат өзінің кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар, тергеу барысында күдіктінің аудан тұрғындарының сеніміне кіріп, жоқ малды сатып, 1 365 000 теңге көлемінде залал келтіргені белгілі болды", – деді Ескелді ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұржан Сейсембеков.


Оқи отырыңыз: Көршісінің 16 қойын ұрлаған Түркістан облысының тұрғыны ұсталды


Зардап шеккендердің үшеуі де бірнеше жыл бойы ай сайын күдіктіге мал жайғаны үшін төлем жасаған. Олар күдіктінің құрбаны болғанын білгеннен кейін іздеу салған, еш нәтиже болмай, полицияға бірге арызданған.

"Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189 және 190-баптары бойынша екі қылмыстық іс, яғни сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету және алаяқтық бойынша қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді Нұржан Сейсембеков.