Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте оңтүстік астанадағы алма бақтарын отау деректеріне тоқталып, мұндай бассыздыққа жол бермеу керектігін айтты. Сондай-ақ ол әр заңсыз кесілген ағаш үшін өтемақы ретінде отырғызылған 5 ағаштың көлемін сексенге дейін өсіруді тапсырды. Мұнымен қатар биыл президент Италия Республикасындағы ресми сапары аясында FAO бас директоры Цюй Дунъюге қазақстандық апортты таныстырып, оны әлемдік нарыққа шығару жоспары туралы айтты. Осы орайда ғалымдардан мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатқанын сұрадық. 

Дәл қазір Алматы облысы аумағындағы бақтардың көлемі – 18,9 мың гектар, ал ішінде алма бақтарының ауданы 11,1 мың гектар жер. Мамандардың айтуынша, жыл сайын алмалар түрлі ауруға шалдығып, осының себебінен бақтардың көлемі 1071 гектардан 446 гектарға дейін қысқарған. Алдағы уақытта Қарасай, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында алма бақтарының ауданын 1036 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Дәлірек:

  • Қарасай ауданы – 12 га (32 га);
  • Ұйғыр ауданы – 134 га (404 га);
  • Талғар ауданы – 291 га (300 га);
  • Еңбекшіқазақ ауданында – 9 га (300 га).

Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев апорт сортын ары қарай дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алынғанын түсіндірді. 

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақ шаруашылығын дамыту, сондай-ақ "Апорт" алма сортын сақтау және қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі уақытта осы әйгілі сортты қайта жаңғырту бойынша алдын ала жоспар әзірленді. Апорттың әртүрлі формалары арасындағы генетикалық айырмашылықтарды анықтау және сорттық араласуды болдырмау мақсатында таңдалған формаларға генотиптеу жүргізілуде. ҚазЖКҒЗИ-ның "Талғар" аймақтық филиалының Помологиялық бағы негізінде 5 гектар аумақта Апорттың Алматы және Қанды-қызыл сорттарының ана-черенкалық бағы құрылды. Бұл бақ Апорттың 115 клондарының коллекциясынан органолептикалық көрсеткіштер мен ауруларға төзімділік белгілері бойынша іріктелген формалардан жасалған", – деді Ақылбек Күрішбаев.

Аталған бақты отырғызу кезінде институт әзірлеген технология бойынша тіндік мәдениет әдісімен сауықтырылған көшет материалы пайдаланылған. Әрі қарай генетикалық талдау негізінде Апорт сортымен үйлесімділігі бойынша жабайы Сиверс алмасының популяциясынан формалар іріктеліп, сауықтырылған Апорт телісінің материалын өсіруге арналған телітуші негіз ретінде пайдаланылған. 0,4 гектар аумақта Сиверс алмасының іріктелген формаларынан тұратын аналық-тұқымдық бақ салынды.


Оқи отырыңыз: "2040 жылға қарай түк қалмайды": Экобелсенділер Алматыдағы алма бақтарының оталуына алаңдаулы


"Маңызды жайт, 2023 жылы Қазақстанға алма импорты 98,5 мың тоннаны құрады, ал ішкі өндіріс 251,5 мың тонна болды, оның ішінде өнеркәсіптік бақ шаруашылығы секторы 194,1 мың тонна өндірген. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында шетелден 94 мың тонна алма, жалпы құны шамамен 40,9 млн АҚШ долларын құрайтын өнім импортталды. Қазақстан нарығының сыйымдылығы 300-320 мың тонна болғанда, өнеркәсіптік жолмен өсірілген алма бойынша Қазақстанның өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі шамамен 60 пайызды құрайды. Аталған міндеттерді шешу барысында Ұлттық ғылым академиясы, жеміс шаруашылығын дамытудың маңыздылығын ескере отырып, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен және Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып, бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру шеңберінде "Негізгі жеміс ағаштарының сұранысқа ие қолданыстағы сорттарын жетілдірудің тиімділігін арттыру және жаңа сорттарды құрудың кешенді тәсілі: климаттың өзгеруіне бейімделу және биотикалық факторларға төзімділікті қалыптастыру жағдайында" атты ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыру үшін техникалық шарттарды әзірлеуге бастама жасайды", – деп қосты Ақылбек Күрішбаев. 

Өз тарихында Апорт қысқа төзімді, жемісі сапалы сорт ретінде танылған. 1865 жылы Верный қаласына Редько отбасымен келген. Жетісу өңіріне келіп, Редько Апортты таудағы жабайы алмаға теліген. Сол кезеңнен бастап, Апорт Жетісу өңірінің символына айналды. 

"Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС, "АФ Талғар" директоры Сағи Солтанбеков тәуелсіздік алғалы жүргізіліп жатқан зерттеулерге тоқталды. 

"1945 жылдары Апорт бақтарының көлемі 3700 гектарды құраса, 1970 жылғы есеп бойынша 18 мың гектарды құрды. Алайда бір жылдық қатаң қыстың нәтижесінде, республикадағы бақтар өле бастап, 1984 жылы 7000 га бақ қалды. 2023 жылғы есептеулер бойынша еліміздегі Апорт бақтары 2458 га құрайды. Республикамыз тәуелсіздік алғалы бері Апорт сортын жаңғыртуға күш салуда және әртүрлі жобалар, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын  жүргізуде. 2011-2012 жылдары елімізде Байоверсити, БҰҰДБ халықаралық жобалары жүргізілді. Нәтижесінде Апорттың 115 клоны іріктеліп, коллекция құрылды. Қазақ өсімдік қорғау және карантин институты, Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми зерттеу институты Сиверс алмасын, және Апортты зерттеу жұмыстарын бастады. Апорт бойынша зерттеулер Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржыландыруымен қолдау тауып келеді", – деді ғалым. 


Оқи отырыңыз: Түркістан облысында алманың еуропалық сорттары қалай жеміс беріп жатыр? Фоторепортаж


Апорт сортын қайта жандандыру ғылымға негізделген көзқарасты талап етеді.  Соның нәтижесінде Жоңғар-Алатау және Іле Алатау ҰМТП жабайы алма популяциясында 30 форма жиналған.