Алматы облысында 2030 жылға дейін 35 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын зауыттар іске қосылады. Қазірдің өзінде құны 775 миллион доллар болатын бес компания жұмысын бастауға жақын. Ал 2024 жылдың соңына дейін 5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын 58 жоба жүзеге асады. 

"Асыл тұқымды жануарлардың құрамын жақсарту мақсатында 2022-2027 жылдары жүзеге асатын мал шаруашылығын дамыту жоспары қабылданды. Осы жоспардың шеңберінде "Қонаев" ӘКК" АҚ арқылы 2023 жылы 6 миллиард теңге бөлініп, 6514 бас асыл тұқымды ірі қара мал және 6430 бас асыл тұқымды қой сатып алынды", – делінген әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: Қызылордада бос жұмыс орындары мен дайын өнімдер жәрмеңкесі өтті


2024 жылдың соңына дейін облыс экономикасына тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион 20 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында 203,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. 2023 жылы 143,8 миллиард теңге тартылған еді. 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфельде құны 3,7 триллион болатын 207 жоба бар. Осы жобалардың арқасында 35,4 мың жұмыс орны ашылады. Ал биыл жыл соңына дейін 446,7 миллиард теңгеге 58 жоба іске асады және 5,3 мың адамды жұмыспен қамтиды. 

Олардың ішінде:

  • балмұздақ өндіретін "Шин-Лайн" зауыты (33,4 миллиард теңгеге салынатын зауыт 500 адамды жұмыспен қамтиды);
  • вольфрам кендерінің кен орнын игеретін "Жетісу вольфрамы" және "Боғұты" зауыттары (122,5 миллиард теңгеге салынады, 350 адамды жұмыспен қамтиды);
  • жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін "ТехноНиколь" зауыты (43,9 миллиард теңгеге салынады, 220 адамды жұмыспен қамтиды);
  • "Оспанова Девелопмент" балық өнеркәсібі кешені бар (67,3 миллиард теңгеге салынады, 500 адамды жұмыспен қамтиды).

"Облыста 2023-2024 жылдары бизнес өкілдерімен ынтымақтастық және серіктестік қатынастарды дамыту туралы 736,4 миллиард теңгеге 28 меморандумға қол қойылған. Олардың ішінде құны 775 миллион доллар болатын бес компанияның жобасы іске асырылып жатыр", – делінген әкімдік хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: Алматы облысында биыл 66 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Жұмыс іздегендерге қандай жеңілдіктер бар


Олардың ішінде іске қосылуға жақындары:

  1. PepsiCo (АҚШ) – 200 миллион долларға Lay's қытырлақ картоптарын өндіру жөніндегі жоба;
  2. Focus Logistics OZON-мен бірлесіп (РФ) – 151 миллион долларға дейінгі сомаға "А" санатындағы қоймалар салу (ҚМЖ басталды);
  3. Құрылысшы 98 (РФ) – 100 миллион долларға "А" санатындағы логистикалық кешен салу жобасы (жер учаскесі алынды);
  4. KT&G (Оңтүстік Корея) – 204 миллион долларға темекі өнімдерін өндіру (жермен жұмыстары жүріп жатыр).